Білім күніндегі салтанат

Өткен сенбіде еліміздің барлық мектептерінде жылдағы дәстүрге сай Білім күні мерекесі аталып өтті. Сәтбаев қаласының білім ордалары да бұл айтулы мерекені үлкен дайындықпен қарсы алып, түрлі іс-шаралар өткізді. Бұл күні №15 жалпы білім беретін орта мектепте «Армысың, алтын ұя – мектебім» атты Білім күніне арналған салтанатты жиын өтіп, оған ұстаздар қауымы, оқушылар, құрметті қонақтар қатысты.

Білім күні тек оқушылар мен ұстаздар үшін ғана емес, сондай-ақ, ата-аналар үшін де қуанышты мереке. Сол себептен қолдарына гүл шоқтары мен түрлі-түсті шарларды ұстаған ата-аналар да бұл күні мектепке көп жиналды. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі, қуаныштарында шек жоқ.
Іс-шара басталмас бұрын мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сыныптың оқушылары өз мұғалімдерімен бірге ортаға шықты. Айта кететін жайт, биыл №15 мектеп 3 қазақ және 2 орыс бөлімдерінде білім алатын 103 бүлдіршінге өз есігін айқара ашты.
Еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалған соң, мектеп директоры, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Аманкүл Тлемисова жиналған жұртшылықты жаңа оқу жылымен құттықтады. Өз сөзінде мектеп басшысы өткен оқу жылының жетістіктерін айта кетіп, жаңа 2017-2018 оқу жылының өзгерістерімен таныстырды.
– Биылғы жылы 2,5,7 сынып оқушылары жаңартылған білім алу мазмұнына көшеді. Бұл бағдарламаға былтыр 1 сынып енгізілген еді. Биыл оған 3 сынып қосылды. Бұларда аптасына 5 күн ғана сабақ жүргізіледі. Ал, сенбі күні оқушылар әр түрлі үйірмелерге, тәрбие сағаттарына қатысады. Мұндай оқу жүйесі оқушыларды ізденімпаздыққа үйретіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпалын тигізеді, – деген Аманкүл Төлеубайқызы одан әрі мектепке енді қадам басқан бүлдіршіндерді алдағы уақытта жақсы білім мен тәрбие алуға шақырып, барша оқушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, салтанатты мерекеде өздерінің жүрекжарды тілектерін әкім аппараты әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева және қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлсім Есмұрзаева жеткізіп, жаңа табыстар тіледі.
Осыдан соң, 1 сынып оқушылары Елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан «ЕХРО – 2017» Халықаралық көрмесі жайлы қысқаша қойылым көрсетіп, өлең шумақтарын оқыды. Ал, мектептің 11 сынып оқушылары өз ізбасарларына игі тілектерін арнап, қалыптасқан дәстүр бойынша Білім кілтін тапсырды.
Сонымен айшықты іс-шараның ең негізгі жүректі тебірентер сәті – алғашқы қоңырау соғу рәсімі де келіп жетті. Қоңырауды соғу құрметіне мектептің биылғы жылғы түлектері Ақжол Найзабаев пен Карина Жүсіпбекова және 1 сынып оқушылары Айғаным Ахмедия мен Дамир Оспанов ие болды. Олар соққан күміс қоңыраудың сыңғыры баршаға жаңа оқу жылының басталғанын ұғындырғандай болды.
Салтанатты жиын аяқталған соң, құшақтары гүлге толған мұғалімдер мен жас бүлдіршіндер өз сыныптарында патриоттық тақырыптарда өткізілген тәрбие сағаттарына қатысты.

Марал Шахаева.
Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.