Прагматикалық салт-сана «Рухани жаңғырудың» басты діңгегі

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп айтып көрсеткен болатын. Ендеше, біздің қоғамға сананы жаңғырту мен рухани тұрғыдан түбегейлі өзгеру күн тәртібіне қойылатын басты мәселелердің бірі болуы тиіс…

Президент мақаласында қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың 6 нысаналы бағыты айқындалған, солардың бірі прагматизм хақысында өз ой-пікірімді өрбітуді жөн көріп отырмын.
Прагматизм сөзінің төркініне келер болсақ, бұл көне грек сөзі, мағынасы ұтымды, оңтайлы, кәдеге жарарлық іс-әрекетті білдіреді. Прагматизм сөзі қаймана сөз болып көрінгенімен, халқымыздың көпғасырлық тарихында және ұлттық кодымызда айнымас қағидат екендігін Жүсіп Баласағұнидың, Абай мен Шәкәрімнің шығармаларынан көрініс табады. Хакім Абай «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақты» бес дұшпан деп тапса, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» – бес асыл іс деп бізді ыждаһаттылық, талапшылдық, ұқыптылыққа шақырды.

Қазір технологияның қарыштап дамыған заманында бұл дәуір серіктес ретінде тұтынушылық қоғамы менталитетін  алып келгенін де айта кету керек.

Тұтынушылық қоғамы дегеніміз материалдық құндылықтар мен игіліктерді жаппай пайдалану есебінен туындайтын қоғамдық қатынастардың бір өзегі, бұл құбылыс табиғи ресурстарды ретсіз, қисапсыз пайдалану арқылы биосферадағы қажет қорлардың сарқылуына, адамдар арасындағы ас та төк ысырапшылдық, даңғойлық, астамшылдық сынды жөн-жосықсыз бәсеке адамзат баласынын шынайы маңдай термен келген еңбекті бағаламай масылдыққа ұрындырарына бірден-бір себепкер.

Осындай жағымсыз құбылыстарға тегеурін беру үшін бізге мықты желкен керек, ол прагматизм құндылықтарына негізделген терең тамырлы ұлттық кодымызды қайта түлету болып табылады. Елбасымыздың «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді» деген сөзі осының бір айқын дәлелі емес пе.

Тағы айта кетер жайт ол ұрпақ тәрбиесіне қатысты, ата-аналар ішсем, жесем, ұйықтасам дейтін баланы емес, көрсем, біл­сем, үйренсем дейтін бала­ны тәрбиелеп, оны білімге, ғылым­ға үйретіп, жеңдіріп, қанағат­шыл­дық пен үнемшілдікке үй­рету керектігі маңызды.

Мәселенің тағы бір шеті – өскелең ұрпақ, бәлкім албырттығынан болар, ақ жағалы, шенді-шекпенді, жылы орындарға жайғассам деуге ынтық, еңбек нарығындағы сұранысы мен ұсынысы әрдайым теңгерімсіз «сәнді» мамандықтардың дипломын алуға талаптанады. Алайда, көп жағдайда жұмыссыз болып сандалып, уақыты мен қаражатын зая келтіріп, ата-анасы мен өз-өзін әбігерге салады. Керісінше, қазір индустриалдық-инновациялық саясатқа бет бұрған кезең, белгілі бір жұмысшы мамандығына машықтанып, кәсіпқой маман болып, кәсібінің нәсібін көрсе құба-құп болар еді ғой.

Қорыта келе біз бағдарламаны іске асыруда бей-жай қарамай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қағидатын басшылыққа алып, қажыр-қайратымызды, ынта-жігерімізді жұмылдыруымыз қажет.

Ержан Тоқымбаев,
Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты.

Комментарии закрыты.