Ұмытылмас шақ немесе сарғайған сурет тарихы

Адам ұлғайған сайын өткен өмірін сағына еске алып отырады екен. Менде де сондай әдет пайда болды. Үйдегі архивтерімді күніне бір рет аударып-төңкермесем көңілім көншімейді. Сөйтіп отырып мына бір суретті тауып алдым…

Суреттегі сол жақтағы жігіт Ұзақбай Мұқышев – Жаңаарқа ауданының тумасы. Ортадағы – Көбейсін Еңсебаев, оң жақтағы – мен. 1967 жылы сол кездегі астанамыз – Алматыда, С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік, қазіргі Әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің 5-ші курсында сырттай оқып жүргенде түскенбіз.

Бір жылдан соң, яғни 1968 жылы оқуды тәмамдап әрқайсымыз түрлі саладағы қызметтің тізгінін ұстадық. Менің пешенеме, тағдырыма Жезді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аупартком нұсқаушысы, ауатком төрағасының орынбасары, жауапты хатшы, облыстық кеңес атқару комитетінің, облыстық мәслихаттың жетекші маманы секілді аудандық және облыстық деңгейдегі лауазымды және жауапты қызметтер істеу бұйырыпты.
Ұзақбай Мұқышев пен Көбейсін Еңсебаев бір ғана кәсіптің құлағынан ұстап, саналы ғұмырларын журналистика саласына арнады. Ұзақбай Жаңаарқа аудандық газетінің редакторы болып жүріп зейнеткерлікке шықты. Кейін Қарағанды облыстық газетінің меншікті тілшісі болып еңбек етті.

Көбейсін екеуміздің еңбек жолымыз сонау 1960 жылы қарашаңырақ Қарсақбайдағы Жезқазған аудандық газетінде корректор һәм әдеби қызметкерінен басталған еді. Сол кезден тұтанған достық оты әлі күге сөнген жоқ. «Егіз қозыдай жүруші едік жарасып», деп Көбекең жырына қосқандай, біздің отбасылық сыйластығымызға да сызат түскен жоқ. Бір қызығы, екеуміздің де өмірлік сыңарларымыздың есімдері «Айман». Қашанда сөзден оқ бойы озық жүретін Көбейсін «Біздер тек «Айман» деген аруларды ғана таңдағанбыз», деп күлдіріп отырады.

Студент шағымызда елімізге танымал талай тұлғалармен танысып, сұхбаттасқан шақтар қалай ұмытылсын. Көбекең екеуміз тобылғы түстес сыраны толғай сіміріп жүрген кезімізде ойда жоқта «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші ағамызға жолығып қалдық. Бір қызығы ол кісі де журналистика факультетінде сырттай оқиды екен. Біраз сырласып, әндерін тыңдап, бір рахаттанып қалып едік сол жолы. Бұл 1963 жылдың қысы болатын. Біз қысқы сессияны тапсырып жүрген едік. Ол кісі бізден бірер курс жоғары екен.

1968 жылы Алматыға жерлесіміз, ақын Шынболат Ділдебаев келді. Біз Медеу жақтағы демалыс үйінде мемлекеттік емтиханға дайындалып жатқанбыз. Шынкең келген соң бәрін жиып тастап, сауық-сайранға кірістік. Күн демалыс болған соң бәріміз Медеу шатқалына шыққан едік. Кенет, күн бұлттанып, найзағай ойнап, нөсер құйып берсін. Төменге түсуіміз мұң болды. Сөйтіп, әлек болып келе жатқанымызда Шынкеңнің шабыты келді ме «Алатаудың басы бұлтқа екі-ақ елі жетпей тұр. Қөкейімнен былқ-сылқ еткен бір сұлу қыз кетпей тұр», деп төкпелей жөнелсін. Манадан итіміз шығып келе жатқан біз бір желпініп, «Беу, шіркін», десіп қалдық.

Сырттай оқитын студенттерге жатақхана берілмейтіні мәлім ғой. Сессияға келген сайын Көбейсін екеуміз жатар үй іздеп әлек болатынбыз. 1968 жылы Алматы қонақ үйі пайдалануға берілді. Пәтер іздеп жүріп осы қонақ үйдің директоры, қазақтың біртуар азаматы Рақымжан Қошқарбаевпен ойда жоқта танысып қалдық. Біздің Қарсақбай, Жезді өңірінен келгенімізді біліп, өтінішімізді ескеріп, қонақ үйден орын берді. Университетті аяқтағанша сол қонақ үйде жаттық. Сонда жатып диплом қорғап, журналист болып шықтық. Азаматтың кеңпейілдігін қойсаңызшы.

Архивімде жатып қалған осы сарғайған суретті қарап отырып менің көз алдымнан сол кезеңдер көлбеңдеп өтіп жатты. Көңілім толқып, сағыныш лебі айқын сезілді. Іргемде тұрған Жезқазған қаласындағы досым Көбейсіннің өзіне сирек хабарласатыным есіме түсті. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр өтіп барады. Бүгінде екеуміз де жетпістің бесеуіне келіп қалыппыз.

Көбейсін анасы Шәкеннен Жалғыз болып өсті. Өмірдің ыстығын да суығын да көп көрді. Сөйте жүріп саналы ғұмырының елу жылын шығармашылыққа арнады. 1970 жылдан Қазақстан журналистер Одағының мүшесі. 1993 жылы осы одақтың арнайы сыйлығының лауреаты атағын алды. Ұлытау-Жезқазған өңіріне танымал қаламгер «Жезқазған туы», «Октябрь туы», «Ұлытау өңірі», «Мысты өңір» газеттерін басқарды. Жергілікті радио, телевидение саласында да тер төкті. Оның «Сырымды айтам», «Жезбұлақ», «Жанымда жүрген жақсылар», «Әжемнің көз жасы» атты кітаптары өз оқырмандарын тапты. Шетел жазушыларының да бірнеше шығармаларын қазақша сөйлетті.

Көбейсін туралы айтар әңгіме көп. Оны шағын мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Егер қаузап айтар болсам, мына суреттің тарихы бір әңгімеге арқау болар еді. Тарихы тым тереңде жатқан мұндай сарғайған суреттердің әр үйдің альбомынан табылары анық. Мен суреттегі достарымды көрген соң осылай бір ақтарылғым келіп кетті. Онымды оқырман әбес көрмес деп ойлаймын.

Сейітбаттал Кенебаев, ардагер журналист.

Комментарии закрыты.