Ұлттық рухымызды асқақтатқан кездесу

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», деген жолдар «Туған жерге туыңды тік» деген дана халқымыздың тағылымды сөзіне арқау болды.

Әрине, туған жер – әркімге ыстық, алтын ұясы. Дегенмен, туған жеріне көмек көрсету екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Нағыз шынайы патриоттар туған жері үшін батыл қадам жасай алады. Осындай қайырымды ісімен, мейірімді жүрегімен ел ауызында жүрген саясаттанушы, политолог Берік Әбдіғалиұлы өткен аптаның сенбісінде Ұлытауға келді. Аудан орталығындағы іргелі білім ордасы – №1 Ұлытау орта мектебінде болып, тағылымы мол кездесу өткізді.

Кездесу барысында жас ұрпақ бойына елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында өрелі сөз қозғады. Жиынға қатысушылардың назарын Ұлытаудың бай тарихына, елін сүйетін, жерін қастерлейтін жаңа қазақстандық ұрпақ тәрбиелеуге аудартты. Әңгімесінің мазмұны оқушыларға қатысты ой-пайымдарымен қатар, өмірлік қағидаттар аясында патриоттық сезімді оятып, ұлттық болмысымызды сақтауға негізделді. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті, озық елдің қатарына кіру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу үшін берекелі бірлігіміз бен тұтастығымыздың ерекше құнды екенін тілге тиек етті.
Келісті кездесуде жүрегі жұртына бұрып тұратын ұлтжанды азамат Берік Әбдіғалиұлы өз әулетінің атынан атасы Есілбай атындағы шәкіртақыны үш оқушыға тағайындағанын айтып, ұлытаулықтарды тағы бір қуантты. Шынында да атойлап айтатындай тамаша жаңалық болды. Әр оқушыға ай сайын 10 мың теңгеден 10 айға әрқайсына 100 мың көлемінде шәкіртақы тағайындапты. Бұл қуанарлық жайт, құптарлық іс. Бұған 2016-2017 оқу жылында «үздік» деп танылған өнерлі, белсенді оқушылар №1 Ұлытау орта мектебінен Томирис Өтеш, №2 Қорғасын орта мектебінен Аяла Сартай, №9 Терісаққан орта мектебінен Ділдә Ғазиз ие болды. Дәл сол күні Берік Әбдіғалиұлы өз қолымен осы оқушыларға шәкіртақының сертификатын табыс етті.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Есілбай Әбдіғалиұлы Ұлы Отан соғысының ардагері (1948-1963,1972-1976 жылдары) Ұлытау ауданына қарасты Шеңбер, Терісаққан ауылдарында ел басқарған елге танымал белгілі тұлға. 1976 жылы өмірден озды. Небары 54 жасында жарық дүниемен ерте қоштасты. Бүгінгі күні көзден кетсе де, көңілден кетпейтін қадірменді тұлғаны елі құрмет тұтып, есімін қадірлейді. Сондықтан, бұл кісінің атынан шәкіртақы тағайындау өте орынды әрі лайықты.

Кездесу соңында Б.Әбдіғалиұлы 2014 жылы Астана қаласындағы «Ві-Принт» ЖК баспасынан жарық көрген «Қазақ болайық!» атты кітабының 50 данасын мектеп кітапханасына табыс етті.

Сол күнгі тағылымды кездесу жас ұрпақ бойына патриоттық сезімді ұялатып, келешекке деген құлшынысын, белсенділігін арттыра түсті.

Қайрат Жұмабаев.

Комментарии закрыты.