Сыбайластықпен күрес – ортақ парызымыз

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, онымен күрес барша халықтың борышы екенін атап көрсетті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалады.

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырымен жою үшін бірінші кезекте қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі – азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік 50 мемелекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

Ж.Кабдыкеева,
№12 «Гүлдер» бөбекжай балабақшасының ағылшын тілі маманы.

Комментарии закрыты.