Мәлім де беймәлім Бүкіров

Тәні топыраққа айналып, жаны бақидың бағынан орын алған (жамағайына қылдай қиянат жасамаған жан туралы осылай деу дұрыс-ау) Сүтемген Бүкіровті білмейтін жан жоқ шығар. Ел тарихы, жер тарихы десе ішкен асын жерге қойып, «апырайлап» отыратын ағайындарды айтам ғой баяғы.

Бірақ, ғаламторы бар, қаптаған ғылыми-танымдық кітаптары бар бүгінгі ұрпақ Сүтемгеннің сонау бала жастан ауыл-үйді жағалап, біріне қолғабыс жасап, бірінің соңына еріп, ілімін үйреніп жүріп үлкендердің әңгімесін тыңдап өскенін, кейін сонысы оны өлкетанушы атандырғанын біле ме екен. Мұны бір ауылда туып, бір ауылда оқып, шіліңгір шілдеде шөп жинайтын мәшиненің көлеңкесінде бір кәністір айран мен бір таба нанды бөліп жеген біз сияқты ізбасарлары білмесе, әрине, ешкім біле бермейді. Ал, былайғы жұрт Сүтемген Бүкіров десе кешегі кеңес заманындағы музей қызметкері, өлкетанушы екенінен арыға біліктері жетпейді. Менің бүгін «Мәлім де беймәлім Бүкіров» деп сөз бастап отырғанымның себебі де сондықтан.

Мен Сүтемгенді 1938 жылдан бері білемін. Ол кісі біздің сыныптың пионервожатыйы болды. Кеңестік идеологияның тоқпағы мықты болатын. Мектептегі баладан еңбектегі ересектерге дейін соның ықпалымен жүріп-тұрды ғой. Ал, біз сияқты ойыннан өзгені ойламайтын балалар үшін пионервожатыйдың рөлі зор болатын. Оның айтқанын қағып алып, берген тапсырмасын мүлтіксіз орындайтынбыз.

Әлі есімде, Атабақ екеуміз бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін бір партада қатар отырдық. Жазуымыз жақсы болған соң Сүтемген Атабақ екеумізді қабырға газетін шығаруға алып кететін. Сонда байқадым, Сүткеңнің ой-өрісі терең еді. Ойдан өлең де шығарып қояды. Сыныптың жетістіктері мен кемшіліктерін, озаттар мен екіліктерді, бұзық балаларды салыстырмалы түрде шығарып, қабырға газетіміз мектеп бойынша үнемі алдыңғы лекте жүретін.

Ол кезде мән бермейді екенбіз, Сүтемген ауыл үлкендерінен аңыз әңгімелер мен тарихи әңгімелерді тыңдап, санасына құйып жүреді екен ғой. Кейде соны бізге әңгімелеп беретін. Біз аузымызды ашып отырып тыңдайтынбыз. Кітаптан оқыған шығар дейтінбіз.

Кітап дегеннен шығады, 1938 жылдың қазан айында мектептің кітапханасындағы көптеген кітаптарды далаға алып шығып өртейтін болдық. Тасып жүріп қарап қоямыз, Сәкеннің, Сәбиттің, Бейімбеттің, Ілиястың кітаптары. Мұның себебін Сүтемгеннен ақырын суыртпақтап сұрап қоямыз. Ол, «Тыныш, не шаруаларың бар. Таси беріңдер», дейді де әр кітапты қолына алып бірдеңе деп күбірлеп қояды. Кейін білдік, бұл кітаптар «халық жауларының» еңбектері екен. Жоғарыдан тапсырма келіпті. Өртеу туралы. Біз оны қыста мектептің пешін жағуға жинадық. Сол жолы Сүтемген Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» мен Сәбиттің «Сұлушашын», тағы да бірнеше кітаптарды тығып алып қалыпты. Екі жылдай жасырып оқып жүрдік. Сүткең сонда «Бұл кітаптар қайталанбас туындылар ғой. Енді мұндай романдар жазылар ма екен?!» деп отыратын.

Сөзімнің басында айтып өткенімдей, Сүтемген Бүкіров бала жасынан өлкетанушы болды. Ол ауылдағы үлкендерге қолғабыс жасай жүріп олардың тағылымды әңгімелерін тыңдауды ұнататын. Шіліңгір шілдеде шөп шабуға барғанда да біз сияқты балалар қолы қалт ете калса ұйқтайтынбыз, ол үлендерді төңіректеп, ана жер неге олай аталған, мына жердің қырқасы неге бұлай аталады деп сұрап, соны санасына сіңіріп отыратын. Аймақтағы белгілі адамдар жайлы да жалықпай тыңдап, сұрап отырушы еді.

Кейін Сүтемген Бүкіров Ұлытау-Жезқазған өңірінің арғы-бергі тарихын қамтыйтын өлкетану мұражайын құрды. Оған мол жәдігерлер жинады. Бала кезінде естігендерін қағазға түсіріп, кітап етіп бастырды. Соның бәрі оның бала күнінен қанына біткен қасиетінің арқасы.

Шермұханбет Байбосынов,
қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.