Рухани жаңғыру жазудан басталады

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған маңызды мәселелер бүгін көпшілік арасында қолдау тауып отыр. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу…

Жалпы, бұл мәселе бүгін ғана көтерілді десек жалған айтқандық болар. Өйткені, латын қарпін енгізуді Елбасы сонау 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының алқалы жиынында айтқан болатын. Одан кейін 2012 жылғы өзінің Жолдауында да Мемлекет басшысы «Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынас жасағанда ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн» деген пікірін алға тартқан болатын.

Міне, осы мәселе бүгінде пісіп, жетіліп оны өмірге енгізу қызу қолға алынды. Осы тұрғыда елімізде қызу талқылау, насихаттау жұмыстары да басталды. Ал, сол талқылаудың басында «латынға көшкенде не ұтамыз» деген сауал тұр. Ол заңды да. Осы тұрғыда мен де өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Бұл, біріншіден, – тіл тазалығы. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз тіліміздегі кейбір басы артық әріптерден арылып, оның табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Екіншіден, латын әліпбиі түркі дүниесінің басын біріктіретін фактордың бірі. Тарихқа көз жүгіртсек, түркі тілдес елдердің мәдениеті, әдебиеті, әдет-ғұрпы бір-біріне ұқсас. Осы ретте, латын қарпіне көше отырып, бізге беймәлім дүниелермен танысуға мүмкіндік туады.
Жалпы, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қарап отырсақ, жер бетінде латын әліпбиі барлық салаларда қолданылады екен. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әрпімен байланысты.

Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Дүние жүзінің 80 пайызы осы қаріп түрін таңдаған. Сондықтан, мен Елбасы ұсынған латын қарпіне көшу бастамасын қолдаймын. Өз басым дәрігер ретінде латын қарпін көптеп қолданамын. Себебі, өзім еңбек ететін қызмет саласы латын әліпбиіне тәуелді. Менің ойымша, латын қарпіне көшудің еш қиындығы жоқ. Латын әліпбиіне көшу еліміздің алға жылжуына, жаңа белестерді бағындыруына, жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады. Рухани жаңғыруымыз жазудан басталады.

Мағзұм Қожахметов,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.