Латынға көшу – заман талабы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген болатын. Осыған орай, қаламызда латын әліпбиіне көшу мәселесін түсіндіру жұмыстарымен айналысатын үгіт-насихат тобы құрылған болатын.

Дүйсенбі күні топтың мүшелері білім ошақтарында болып, ұстаздар қауымымен кездесті. Алғашқы жиын Весовая елді-мекеніндегі №10 орта мектепте өтіп, оны ішкі саясат бөлімінің бас маманы, топ мүшесі Амангелді Құрақбай жүргізді. Ол жиналғандарға бүгінгі таңда талқыға түсіп жатқан латын әліпбиіне көшу идеясы жөнінде мәлімет берді.

– Елбасы 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз деп ескертті. Латын әліпбиіне көшудің бірнеше оң тұстары бар. Біріншіден – тіл тазалығы. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік туғызады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді жолдар ашылады. Сонымен қатар, түбі бір түркі елі латынды қолданады. Біз олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек, – деді Амангелді Құрақбай.

Жиналғандарға насихатшы келешек ұрпаққа, балаларымызға жалпы латын әліпбиіне көшу қиындық туғызбайтынын, себебі қазіргі заманауи технологияларда, ғаламторда латын әрпі қолданылатындығын жеткізді. Сөз соңында Амангелді Құрақбай осы мәселені біркісідей қолдап, жүзеге асуына белсенділік танытуға шақырды.

Кездесу одан әрі №7 жалпы білім беретін орта мектепте жалғасып, оған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш және мектеп ұстаздары қатысты.
А.Құрақбай жиын барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру үрдісі жайында толық мағлұмат беріп, мәселені талқыға салды.

– Қазіргі таңда бірқатар елдер латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Яғни, білім, ғылым, техника, мәдениет пен өнерге қатысты ақпараттың басым бөлігі латын графикасымен. Сондықтан, еліміз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін латын әліпбиіне көшу талабының орындалуы өте маңызды, – деді топ мүшесі.
Жиын соңында ұстаздар осы мәселеге байланысты туындаған ой-пікірлерімен бөлісті.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.