ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып аталып келеді. Бұл атаулы күнді біздің мектеп-гимназияның оқушылары мен оқытушылары да айшықты шаралармен атап өтуді дағдыға айналдырған…

Отбасы – шағын мемлекет деп бағалаған дана халқымыз баласына ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін жастайынан құлағына құйып отырған. Шын мәнінде, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отбасындағы ата-ана тәрбиесінен басталады. Ата-ана – баланың бас ұстазы. Отбасы күніне арналған іс-шараларда осы құндылықтарды түсіндіре отырып, оқушылардың ата-ананы, үлкенді сыйлау туралы ой-өрісін дамыту, олардың бойына ата-анаға деген сүйіспеншілікті дарыту, үлкенді құрметтеуге, отбасы құндылықтарын сақтап болашақта толыққанды дамыған тұлға болып өсуіне бағдар беру сынды өзекті мәселелер арқау болады.

Осы мақсатта біздің мектепте арнайы апталық ұйымдастырылды. Онда «Отбасым – Отаным» тақырыбында тәрбие сағаттары, «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» тақырыбында презентация байқауы мен қолөнер сайыстары өтті. Бастауыш сыныптар аралығында «Менің отбасым» тақырыбында сурет көрмелері мен фотоколлаж жасау сайыстары өтсе, жоғары сынып оқушылары «Отан отбасынан басталады» деген тақырыпта шығарма жазды.

Отбасы күніне арналған апталықтың ең қызықтысы «Әкем, анам және мен» атты ата-ана мен бала қатысқан спорттық-эстафеталық ойындар болды. Сайысқа сегіз отбасы өте белсене қатысып, өздерінің шеберліктерін, білімдерін көрсетті. Толыққанды отбасының бірлігі арқасында кезкелген қиындықтан оңай өтуге болатындығын дәлелдеді. Сайыс қорытындысы бойынша 1ә сыныптың Түсіпбековтер отбасы бас жүлдеге ие болды.

А.ӘБДІҒОЖИНА, №1мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.