Жүйріктер желмен жарысты

Өткен аптада ұлт ұясы – Ұлытау баурайында дәстүрлі тау марафоны өтті. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған марафонға аймақ спортшылары қатысты.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш спорт додасы өткен жылы аймақта тұңғыш рет өткізілген болатын. Онда ол Ұлытаудың ұлдары Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың 100 жылдығына орайластырылған еді. Сол жарқын іс биыл да жалғасын тапты. Оған аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі ұйытқы болды.
Спорттың бұқаралығын арттыру мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бұл шараға ауданның барлық аймақтарынан желмен жарысқан жүйріктер қатыстырылды. Дәстүрлі доданы аудан әкімі Әнуар Омар құттықтау сөзбен ашып, жүйріктерге сәттілік тіледі.
– Жаңғыру, серігу, серпілу сынды қасиеттердің түбі спорттан бастау алады. Спорт тән мен жанды ғана сергітпейді, рухты да сергітеді. Рух оянса биіктейді. Ал, рухы биік адамның алмайтын асуы, жеңбейтін қиындығы жоқ. Сіздердің де әрқайсыңызда осы марафонда жеңіске жетуге үлкен құлшыныс оянады деп ойлаймын. Сәттілік тілеймін, – деп түйіндеді әкім сөзін.
Жарыста желаяқтар екі топқа бөлінді. олардың бір легін жастар құраса, бір легін 30 жастан асқан азаматтар құрады. Қорытындысында жеңіске жеткендері ақшалай сыйлыққа ие болды.

Комментарии закрыты.