Ақша табамын деп ұтылып қалмаңыздар

Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев валюта бағамының өзгерісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен Қазақстанда айырбастау бағамы еркін айналымда екенін тағы бір мәрте қайталап өткім келеді. Бұл дегеніміз бағам негізінен Ұлттық банктің қатысуынсыз, валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады деген сөз. Қазіргі жағдай қолайлы. Сіздер соңғы кезде Қазақстанда энерготасымалдаушылар бағасының өсіп келе жатқанын білесіздер. Бұл елге түсетін валюталық табыс өседі дегенді білдіреді. Осы жерде аталған валюталық табыс Қазақстанға қаншалықты жылдам түсіп, шетелдік валютаның қосымша ұсынысын қамтамасыз ететініне байланысты», — деді Ақышев.
Ұлттық банк басшысы алаңдаушылыққа еш негіз жоқ екендігін, Қазақстанның сауда саласындағы әріптес елдерінде жағдайдың тұрақты екенін атап өтті.
«Осы нарықта пайда көргісі келетін азаматтар мен кәсіпорындарға қайталап айтамын, теңге бағамы өзгерген кезде валюта айырбастау пункттеріне жаппай жүгіріп, одан табыс көруге тырысудың қажеті жоқ. Бұдан ұтылып қалуыңыз да мүмкін. Себебі, қазіргі айырбастау бағамы, макроэкономикалық жағдай жақсы. Біздің ойымызша, алдағы уақытта теңгенің бағамы күшеюі әбден мүмкін. Сондықтан дәл қазір валюта сатып алып жатқандар ұтылады», — деп толықтырды Ақышев.

Комментарии закрыты.