Латынға ауысу – өркениетпен қауышу

Қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы гимназияда латын әрпіне көшу бойынша мектеп ұжымымен кездесу өткізілді. Отырысқа латынға ауысу бойынша құрылған үгіт-насихат тобының мүшелері қатысты.

Зиялы қауым өкілдері қатысқан жиын кезінде жаңа әліпбидің артықшылықтары түсіндіріліп, ұстаздар қауымы бұл жаңашылдыққа қатысты өздерінің пікірлерін жеткізді.
Отырыста қаламызға белгілі ақын Мұса Тілеуов пен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина бірқатар орамды ойларын өрбітті.
– Латын әліпбиін пайдалану кеңестік кезеңде де арман болған. Өкінішке қарай, саяси жағдайларға байланысты одан ажырап қалдық. Алайда, бүгінгі тәуелсіз елде оның жүзеге асырылуына қадам басып жатырмыз. Мұның барлығы келешек ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін жасалған дүниелер. Рухымызды үстем етіп, болашағымызды көркемдеудің бірден бір жолы. Бұл әрине, бірнеше жылдардың еңбегі. Оны бір ретте қабылдай салу мүмкін емес. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын ауқымды шара бұл. Сондықтан, оны қазірден бастап өз ортамызда кеңінен насихаттауымыз қажет, – деді Мұса Тілеуов жиында сөз алып.
Ал, Мадинат Игенберлина латын графикасын қолданысқа енгізудің артықшылықтарына тоқталды.
– Бүгінде түркі тілдес елдердің барлығында латын әліпбиі қолданылып жүр. Тек сол жазудағы төл дыбыстарын өздеріне ыңғайластырып алды. Біз де сол үрдісті қолданбақпыз. Қазірдің өзінде әліпбидің нұсқалары ұсынылды. Оларда қазақ тілінің төл дыбыстары қос әріппен беріліп жүр. Бұл осындай қалыпта қалып қояды деген сөз емес. Жалпыхалықтық талқылау болған соң, латынға ауысу жайын кеңінен талқылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізе беруіміз керек, – деді Мадинат Балтина.
Кездесу соңында оқытушылар тіл төңірегінде туындаған сұрақтарына мамандардан мардымды жауап алып, жаңа әліпбиге қатысты ойларымен бөлісті. Жиынға келген әрбір мұғалім үгіт-насихат тобының арнайы дайындаған сауалнамасына жауап берді. Онда латын графикасын қолдау мен қолдануға қатысты сұрақтар қамтылған.

Комментарии закрыты.