«Мен өскенде кім болам?»

Қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен әңгіме-диспут осылай деп аталды. Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күніне орайластырылған бұл шараға Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 4«В» сынып оқушылары мен сынып жетекшілері қатысты.

Кітапханашы Қалтай Аймағамбетова ұйымдастырған іс-шара балаларға әр түрлі мамандық түрлері туралы түсінік беру, олардың шығармашылық белсенділіктерін арттыру, сөздік қорын молайтып, әңгіме құрастыра сөйлеуде өз ойын дұрыс жеткізуге үйрету мақсатында өткізілді.

Іс-шара барысында қатысушылар сурет бойынша әңгіме құрастырып, болашақ мамандық туралы және ата-аналарының мамандықтары жайлы пікір алмасты. Сонымен қатар, «Қай мамандық иесі?» және «Мамандықтың бәрі жақсы» атты тақырыптарда жұмбақ шешіп, балалардың қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.

– Дұрыс мамандық таңдау – болашағыңның кепілі. Сондықтан, мамандық таңдауда қателесуге болмайды, өйткені алдағы өмірің таңдаған мамандығыңа байланысты болмақ. Өмірден өз орнын тауып, адал еңбек ету де соған келіп тіреледі. Бүгінгі іс-шарамызда біз балаларға осыны түсіндіріп, түрлі мамандық иелерінің қызметімен таныстырып, олардың маңыздылығы туралы айттық. Сол арқылы оқушылардың мамандықтың түрлеріне қызығушылығын тудырып, еңбек адамдарын құрметтеуге тәрбиелеудеміз, – деді Қалтай Аймағамбетова.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.