Үздік іс жүргізуші

Жыл сайын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жергілікті мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда іс жүргізушілер, аудармашылар және мемлекеттік тілді енгізуге жауапты мамандар арасында өтіп жүрген «Үздік іс жүргізуші» байқауы биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтті. Байқауға қатысуға қаланың мемлекеттік мекемелерінен 10 үміткер өтініш беріпті.

Өткен сәрсенбі күні Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада байқауға қатысушылар өзара бақ сынап, нәтижесінде «Үздік іс жүргізуші» анықталды.  Бір айта кетерлігі, сайысқа қатысуға өтініш берген он іс жүргізушінің байқауға тек сегізі ғана қатысты.

Байқау «Ресми құжаттарды аудару», «Көркем шығарманы аудару», «Жаңа терминдер әлемі» атты үш кезеңнен тұрды.

Қатысушылардың білімі мен біліктілігін «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы М.Бекмағанбетова, орталықтандырылған кітапхананың редакторы А.Темірбекова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Б.Кариева бағалады.

Өз салаларында қазақ тілін жеткілікті деңгейде қолдана алып жүргенін байқатқан қатысушылардан төрт маман жүлделі орынға лайық деп танылды. №3 орта мектептің іс жүргізушісі Гүлден Ақжігітова ІІІ орынды, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Жанар Әбенова ІІ орынды иеленсе, І орынды Жезқазған кенті әкімі аппаратының іс жүргізушісі Асылай Қабылова жеңіп алды. Ал, байқаудың бас жүлдесі мен облыстық байқауға жолдаманы  сайыста өзінің мемлекеттік тілге жетік екенін көрсеткен №14 орта мектептің іс жүргізушісі Гүлнар Қанатбаева еншіледі. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында және тіл мамандарының шыңдалып, іздене түсуіне жол ашатын байқаудың орны ерекше. Сондықтан оны  ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, – дейді бас жүлдені иеленген Г.Қанатбаева.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы халыққа Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қолдану аясын кеңейтуге баса назар аудару керектігін атап өткен болатын. Сондықтан да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейтуде осындай іс-шаралардың маңызды екені сөзсіз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.