Атымтайлар арамызда

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында  «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізу дәстүрге айналған. Осынау қайырымы мол шараның арқасында талай көмекке мұқтаж бала өзге замандастары сияқты мектеп партасында отыруға мүмкіндік алады. Өйткені, біздің арамызда жүрегі жұмсақ, қайырымы мол жандар көптеп кездеседі.

Сондай жандардың арқасында мектепке келмей қалу қаупі бар балалардың бәрі қолдарына қалам алып, ақ пен қараны тануды бастады. Мұндай ілкімді істен қаламыздағы №16 жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы да қалыс қалған жоқ. 2017 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өткен шараға арнайы жоспар құрылды, акцияны ұйымдастыру комитетінің құрамы бекітілді. Әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балаларына және басқа санаттағы балаларды жаппай оқумен қамту және әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды.
Айлық кезінде мектеп ұжымы, ата-аналар, жеке кәсіпкер Бақыткүл Ағыбаева, Құрбанкүл Ақышева, «Нұр» кеңсе тауарлар дүкені мен «Болашақ» аралас тауар­лар дүкенінің қожалары және қалалық мәслихаттың депутаты Ержан Тоқымбаев әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын, ата-ана қамқорынан тыс қалған балалар мен көпбалалы отбасынан шыққан балаларды оқушы формасымен, сөмке, аяқ киім және оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз етті.
Ата-аналар осындай сауапты іске ұйытқы болған мектептің директорына, әлеуметтік педагогына, мектеп ұжымы мен жомарттық танытқан азаматтарға зор алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде.

Сәуле Ақажанова,
ата-аналар комитетінің төрайымы.

Комментарии закрыты.