Жаңа әліпби жаңа белеске бастайды

Қаламыздағы орталық аурухана қызметкерлері латын әліпбиін қолдайтындарын
жеткізді. Аталған мекеме қабырғасында өткізілген кездесу барысында түркі елдеріне ортақ әліпбиге ауысу турасында бірқатар ойлар айтылды.

Кездесуге дәрігерлер мен қалалық әкімдік жанынан құрылған латын әрпіне ауысу бойынша үгіт-насихат тобының мүшелері қатысты. Жиын кезінде сөз алған Амангелді Құрақбай латын әрпінің берер мүмкіншіліктері туралы ойларын ортаға салды.
– Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Бірнеше ғасырларда араб әліпбиіне негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келді. Одан кейін латын әрпіне бейімделген жазуды пайдалануға көшті. Алайда ол да ұзаққа созылған жоқ. 1940 жылдан бастап кирил графикасына негізделген әліпби қолданыла бастады. Латынға көшу мәселесіне бір жақты қарауға болмайды. Игере алмай қаламыз деген қорқынышты сейілту керек. Егер болашақты жарқын тұсынан көргіңіз келсе, бұл бастаманы қолдауларыңыз қажет, – деді ол өз сөзінде.
Кездесуге қатысқан дәрігерлер латын әліпбиін барлығы бір ауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Себебі, олар кәсіби қызметтерінде латын графикасын пайдаланады. Жаңа қаріп жаңа белестерге бастайтынын алға тартты емдеу мекемесінің мамандары.

Нұрлат Қонысбай.

Комментарии закрыты.