Жас ұстаздар білігі сарапқа түсті

Ұстаздардың төл мерекесі қарсаңында Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің әкімшілігі
мен кәсіподақ ұйымы мектепішілік «Үздік жас маман – 2017» байқауын өткізді. Байқауда жас ұстаздардың білігі сарапқа түсті.

Білім мен біліктілік бәсекеге түскен байқауға бастауыш сынып мұғалімдері Ж.Алдамжар, М.Қозыбаева, Р.Болсамбекова және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Б.Шалабаева мен биология пәнінің мұғалімі А.Жаркенова қатысты.

Байқау негізгі екі кезеңнен тұрды. Оның бірінші кезеңінде жас мамандар өздерінің өткізген сабақтарынан бейне үзінді көрсетіп, оны слайд түрінде қорғап шықты. Жұмысты қазылар алқасы бірнеше критерийлер арқылы бағалады. Атап айтсам, сабақ типінің мақсатқа сәйкестігі және негізділігі, сабақ мазмұнының мәлімделген тақырыпқа сәйкестігі, сабақтың функционалдық сауаттылықты дамытудағы мүмкіндіктері, осыларға қол жеткізу үшін әдістер мен тәсілдерді таңдау негізділігі, сабақта әр түрлі қосымша құралдарды қолдану, кері байланыстың нәтижелілігі, сабақ рефлексиясы сынды талаптарға баса назар аударылды.
Екінші кезеңінде барлық қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Бұл тапсырмада да қазылар алқасы жас мамандарды әртістік шеберлігі, шығармашылық ерекшелігі, мәдениеттілігі және т.б. критерийлері арқылы бағалады.

Байқау соңында мектеп директоры Г.Жаппасова барлық қатысушыларды құттықтап, сайыстың қорытындысын жария етті. Нәтижесінде «Ең үздік сабақ» номинациясына Жансая Алдамжар, «Ең үздік үй тапсырмасы» номинациясына Жұлдызай Шалабаева ие болса, ІІІ орынды Меруерт Қозыбаева, ІІ орынды Айдана Рахым, І орынды Акерке Жаркенова жеңіп алды. Ал, Бас жүлде – «Үздік жас маман – 2017» атағын бастауыш сынып мұғалімі Раушан Болсамбекова қанжығасына байлады.

Тұрдыгүл Прімова,
бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.