«Жеті жұрттың тілін біл…»

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Қазақстан халықтарының тілдері мәртебесін көтеру мақсатында қаладағы №1 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен тілдер мерекесіне арналған «Жеті жұрттың тілін біл» атты апталық болып өтті.

Тілдер апталығына орай мектепте бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылды. Апталықтың ашылу салтанатынан кейін барлық сыныптарда тәрбие сағаттары жүргізілді. Атап айтқанда, 5-11 сыныптар арасында «Бір шаңырақ астында» қанатты сөздер сайысы, 3-4 сыныптар арасында «Ана тілің – арың бұл» атты мәнерлеп оқу сайысы, 9-11 сынып оқушылары арасында «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты эссе жазу байқауы, 7-8 сыныптар арасында «Қызық екен», 5-6 сыныптарда «Өзге тілдің бәрін біл» атты тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Бұл шаралардың басты мақсаты оқушыларды тілдің қадір-қасиетін біліп, көркемділігін сезінуге баулу, оларға тілдерді меңгерудің маңыздығын түсіндіру болды. Іс-шараларға оқушылар жоғары белсенділік танытып, үлкен қызығушылықпен қатысты. Осы орайда Г.Оңғарбаева, С.Иоцус, Р.Мақажанова, К.Исабекова, М.Досанов, Т.Ақмолдаева, Е.Кенбаев, М.Сабыр сынды ұстаздардың іскерлігі мен біліктілігін де айта кету керек.
Апталық «Тілге құрмет – елге құрмет» атты шарамен қорытындыланды. Екінші сынып мұғалімі А.Алтанбаева ұйытқы болған бұл шараға осы сыныптың оқушылары мен ата-аналары қатысты.

Қорытынды «Менің тілім – менің мақтанышым» атты әдеби музыкалық кеште шығарылды. Мұнда ұстаздар Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің тілінде өздерін таныстырып, ұлттық ас мәзірін, салт-дәстүрін көрсетіп, ән-күйден шашу шашты.

Кеш соңында мектеп-гимназияның басшысы Г.Иманбаева-Қазбекова сөз сөйлеп, ұстаздарға әкімшілік атынан алғысын білдірді. Белсенділік танытқан оқушылар Мадақтама қағаздармен марапатталды.

Г.Аманова,
№1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.