Еңбек ардагерлері еленді

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осы мерекеге орай Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында салтанатты кеш болып өтті. Жиында ұзақ жылдар бойы кен игеру саласында еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Аталмыш шара «Қазақмыс» Корпорациясының Ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен өткізілді. Дәстүрге айналған жиынға еселі еңбек еткен ардагер кеншілер қатысты. Салтанатты кеш барысында сөз алған қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина қарттарды қажымас қайрат иелеріне балады.

– Қадірлі ардагерлер, қарттар күні елімізде айрықша мереке. Бұл аға ұрпаққа деген құрмет, ел дамуына атқарған еңбектерінің маңызын мойындау болып табылады. Сіздер үнемі жанымыздан табылып, жөн сілтеп, жол көрсетер асыл қазынасыздар. Құрметті еңбек демалысында болсаңыздар да, қаланың қоғамдық жұмыстарына үлес қосудан тыс қалған емессіздер. Әрбіріңіздің жүріп өткен өнегелі өмір жолдарыңыз өскелең ұрпаққа үлгі болады, – деді Айгүл Қосманқызы.

Жиында «Қазақмыс» Корпорациясының дамуына сүбелі үлес қосып, өндірістің жоғары көрсеткішін ұзақ жылдар бойы көрсеткен 92 зейнеткерге «Қазақмыс» Корпорациясының Құрметті еңбек ардагері» атағы берілді. Мұнымен қоса атаққа ие болған әр кенші-ардагерге 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталмақ.

Мерекелік кешке келген құрметті қонақтардың бірі Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ерен еңбек иелерін мейрамдарымен құттықтады.

– Қарттар күнін халықаралық мерекелердің бірі ретінде бүкіл әлем тойлауда. Бұл мейрамда әсіресе, еселі еңбек еткен зейнеткерлерді құттықтамай өтпеуге болмас. Сіздер қашанда ақылдың кені болып қала бересіздер, – деп, бірқатар ардагерге Жезқазған қаласы әкімі Батырлан Ахметовтың арнайы Алғыс хатын табыс етті.

Кеш кезінде еңбек ардагерлерін құттықтап келген бірқатар мекеме басшылары аға буын өкілдерін құттықтап, құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарын табыстады. Мерекелік кеште қаламызға белгілі өнер иелері әнмен шашу шашты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.