Кітап – рухани байлық

Көркем әдебиеттердің оқылымнан шығып қалмауына әсер ету, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында Сәтбаев қаласының орталық кітапханасында 2015 жылдан бастап «Буккроссинг» акциясы өткізіліп келеді.

«Буккроссинг» қазақшаға аударылғанда «кітап сыйлау», «кітаптың айналыста жүруі» дегенді білдіреді. Оны алғаш рет ойлап тапқан ғалым – Рон Хорнбекер. Кітаптың өз оқырманын табуына ықпал ететін бұл қозғалыс Америкада басталған болатын. Ал, Қазақстанда «буккроссинг» акциясы 2005 жылы қолға алынды.

Аталмыш акция «Оқып болсаң, досыңа бер!» атты тақырыппен сейсенбі күні «Ұлытау молл» сауда үйінде ұйымдастырылды. Мұнда орталық кітапхана қызметкерлері келушілерге қазақ және шетел классиктерінің туындыларын ұсынды. Акцияға үлкендермен қатар, мектеп оқушылары мен колледж студенттері де белсене қатысты.

– Жаппай кітап оқу азайып кеткен қазіргі заманда «буккроссинг» қозғалысы кітап пен оқырман арасын жақындатудың тиімді жолы болып табылады. Әлемдік жаһанданумен бірге біздің елге де аяқ басқан осы шараның ерекшілігі – кітаптың назардан тыс қалмай, қайта айналымға енуінде. Адамдар оқыған кітаптарын кітапханада, қоғамдық орында келесі оқырманға қалдырып кетеді. Осылайша кітап оқу, өзара кітап алмасу процессі жүреді. Сөйтіп қала тұрғындары өздеріне ұнаған кітаптарын алып оқи алады. Барлық кітаптардың сыртына біз «Кітап сені қызықтырса, бетін ашып оқы!» деген стикер жабыстырдық. Жалпы акция барысында елуден астам кітап өз оқырмандарын тапты, – деді оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Айжан Сарина.

Іс-шара соңында қатысқандарға «буккроссинг» қозғалысы туралы ақпараттық парақшалар таратылды. Тұрғындар өз тарапынан осындай акцияның жиі өтіп тұруын қолдайтындарын білдірді.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.