Дүзен кесенесі қалпына келтірілді

Ұлытау жеріндегі ­тарихи-мәдени құндылықтардың бірі – Дүзен кесенесі қайта жаңғыртылды. ХІХ ғасырда салынған көне ескерткіш күні бүгінге дейін жөндеу көрмеген болатын. Мемлекет қамқорлығындағы мұраны қалыпқа келтіруге республикалық қазынадан 40 млн. теңге жұмсалды.

Қаракеңгір өзенінің бойында орын тепкен Дүзен кесенесінің кірпіші мүжіліп, қабырғасы сөгілген еді. Мемлекеттің қолдауымен қайыра қалпына келтірілді. Кесене – XIX ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгісі. Құрылымы мен салынуы Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне ұқсас. 1866 жылы қаланған мазар жақсы сақталғанмен, 1980 жылдары жөндеу кезінде қабырғасы бүлініп, содан бері тіреумен тұрды. Кезінде Дүзен ұрпақтары кесенені жөндеуді қолға алғысы келген. Алайда сол кездегі құзырлы орындар оған рұқсат бермеген.
Мемлекет бүгін осы келеңсіздіктің орнын толтырды. Кесенені қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Осылайша, биіктігі – 10 метр, күмбезінің диаметрі – 5 метр болатын тарихи жәдігер жаңғыртылды. Күйдірілген кірпіштен өрнектеліп, асқан шеберлікпен қаланған. Заманында осындай кірпіштерді Түркістаннан арнайы тасыған деген де әңгіме бар ел ішінде.

– Қоқан-Жырық-Байназар болысына билік айтқан Бағаналы болысының төрт босағасы – Қадыр би, Шегір би, Бабыр би және Сандыбай болса, сол Сандыбайдың ұрпақтары осы Дүзен мен Ерден. Біздің Сәтбаев қаласында Ерден көшесі бар. Бүгін міне Дүзен бабамыздың кесенесін қалпына келтіріп жатырмыз. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін үлкен қуаныш. Дүзен Сандыбайұлы ХІХ ғасырда өмір сүрген, әрі батыр, әрі дәулетті адам болған. Бірлікті сақтауға, ағайын арасындағы татулықты нығайтуға үлкен еңбегі сіңген тұлға, – деді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов кесененің ашылуында сөйлеген сөзінде.

Орайы келгенде айта кетейік, кесенені жаңғырту жұмысымен Қазреставрация мекемесінің Қызылордадағы филиалы айналысты. Мемлекеттен бөлінген 40 миллион теңге толық игеріліп, кесене талапқа сай жөнделді. Маңайы абаттандырылып, тәу етіп келушілерге жағдай жасалынды.

Комментарии закрыты.