Ауыл тұрғындарының мал басы саналады

Қазан айында Қарағанды облысының полиция қызметкерлері «Мал басын санау» жедел алдын алу шарасын өткізеді. Шараның мақсаты – мал ұрлығының алдын алу және жою. 

Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің мәлімдеуінше, шара бір ай бойы – қазанның 1-і мен 31-і аралығында өтетін болады. Осы уақыт аралығында жеке үйлердегі, шаруа және фермерлік қожалықтарындағы мал басы саналады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары мал ұрлағаны үшін жазасын өтегендерді де тексереді. Олардың тұрғылықты жерлерін бақылап шығады. Оған қоса қыстақтар да тексерістен өткізіледі.
Жедел алдын алу шарасына Жергілікті полиция қызметінің сарбаздары, сондай-ақ атқарушы органдар мен ветеринарлық жұмыскерлер де жұмылдырылады.

Комментарии закрыты.