Лицей оқушылары лауреат атанды

Алматы қаласы туралы жазылған ақын, композиторлардың туындыларын дәріптеп, ұмыт бола бастаған әндер мен жырларды қайта жаңғырту мақсатында үстіміздегі жылдың 24 – 27 қыркүйегі аралығында Қазақстан Жазушылар Одағының концерт залында Х Республикалық «Алматым – жүрегімде» атты ән-би байқауы өткізілді. Бұл байқауға еліміздің әр қалаларынан 5 пен 20 жас аралығындағы 120-дан аса өнерлі өрен қатысты.

Аталған байқауға Абай атындағы №4 мектеп – лицейінің вокал үйірмесінің жетекшісі Эльмара Жұбаниязова да шәкірттерімен барып, өз бақтарын сынап қайтты.

Байқау шарты бойынша қатысушылар «Вокал» (академиялық, эстрадалық, халықтық), «Вокалды топтар», «Хор» жанрлары бойынша екі әннен орындады. Оның біріншісі міндетті түрде Алматыға арналуы қажет. Оларды құрамында елімізге танымал өнер қайраткерлері, композитор, ақын, әнші, белгілі педагогтар бар қазылар алқасы саралады.

Байқау қорытындысы бойынша лицейдің 3 оқушысы лауреат атанды. «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша 9 «Г» сынып оқушысы Әли Мырзағали І дәрежелі дипломмен, 2 «Б» сынып оқушысы Назерке Балғынбек ІІ дәрежелі дипломмен және 1 «А» сынып оқушысы Назерке Сарқыт ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, жеңіспен оралды. Ал, вокал үйірмесінің жетекшісі Эльмара Жұбаниязова балаларды үздік дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Т.Прімова,
бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.