Жекеменшік балабақша бизнеске барудың бір жолы

Елбасы өзінің Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік беретінін, бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отырғанын айта келіп, «Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.

Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді» деген еді.

Нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінен жаңа балабақшалар ашылып жатыр. Өзге өңірлерге қарағанда Шымкентте бұл бағытта тындырымды тірліктер көп. Ол жақта жыл сайын оншақты жекеменшік балабақша пайдалануға беріледі екен. Осы тәжірибені басшылыққа алған біздің жергілікті биліктегілер де жеке тұлғаларды балабақша ашуға шақырып отыр.
Десек те, халық арасында балабақша ашу бизнестің бір түрі. Оны қалтасы қалың дөкейлер ғана ашады деген ойдың қалыптасқаны да жасырын емес. Ал шын мәнінде солай ма? Балабақшаларды кім, қалай ашып жатыр? Балабақша ашу үшін мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бүгінгі әңгімеміз осы тұрғыда өрбімек.

Сонымен, неден бастау керек?

Балабақшалар білім беру мекемесіне жататындықтан бірінші кезекте біз Сәтбаев қалалық білім бөліміне хабарласып, «балабақшаны кімдер аша алады?» деген сауалды көлденеңінен қойдық.

– Кез келген тұлға мектепке дейінгі мекемелерді аша алады. Бірақ, бірінші кезекте балабақша салатын заңдастырылған жеріңіз немесе үйіңіз болуы керек. Одан соң заңды тұлға ретінде тіркелу керексіз. Содан кейін, бизнес сәйкестендіру нөмірі тағайындалған заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу туралы анықтамасын, жарғысын, жеке кәсіпкердің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін, банкке және салық органдарына берешегі жоқ туралы анықтамаларды, медициналық кабинетке берілген лицензияны немесе емханамен жасасқан келісімшарттың көшірмелерін жинастырып, Сәтбаев қалалық білім бөліміне тапсырасыз. Айтпақшы, білім беру объектісінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін және ғимараттың білім беру қызметін жүзеге асыруға жарамды екенін растайтын өрт сөндірушілердің анықтамаларын да өзіңізбен бірге ала келуді ұмытпағайсыз, – деп жауап берді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Нағима Сәтімбекова.

Қандай талаптар бар?

Балабақша ғимараты қандай болуы керек? Оған мамандардың қоятын талаптары қандай? Оны қалай жабдықтаған жөн? Бұл сұрақтарға қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлбану Хасенова жауап берді.
– Балабақша 3 қабаттан аспауы керек. Онда шешінетін жер (қабылдау), ойнайтын бөлме, ас бөлмесі, ұйықтайтын бөлмесі, дәретхана болады. Бөлмелер балалар үшін шағын балалар жиһазы – үстелдер, орындықтар, кереуеттер, шкафтар, балалар ойыншықтары, балалар алаңдары, спорттық жабдықтар, кеңсе заттармен жабдықталуы керек. Балабақшада педагогтар (тәрбиешілер), медицина қызметкерлері, қызмет көрсету жұмысшылары (мәселен ас үй), көмекші қызметкерлер (күтуші, жинаушы және т.б.), күзетші болуы керек. Сондай-ақ, балалар алаңы үшін жанама территориясы болуы да міндетті.

Қаражаты жоқтар қайтеді?

Хош, сонымен заңды тұлға ретінде тіркеуге тұрдық делік. Алайда, балабақшаға ыңғайлы не жер, не үй жоқ. Қайтпек керек? Оған қоса балабақша ашу да көп қаржыны керек етеді. Оны қайдан аламыз? Біздің бұл сауалымыздың да жауабын Гүлбану Сейітбекқызы ұғынықты етіп жеткізді. Оның айтуынша, жерді не үйді жалға алуға да болады екен. Ал, өз кәсібін бастауға ниет еткендерге кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы көмектесетін көрінеді.
Алдымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құжаттарды рәсімдеу бөліміне бару керек. Бұл бөлімдегілер жоғарыда аталған құжаттардың барлығын ең қысқа мерзімде жинастырып береді. Ең бастысы, осындағы маманның атына сенімхат берсең болғаны.
Келесі кезекте мемлекеттік бағдарламаларды қолдау бөліміне бас сұғасыз. Мұндағы мамандар бизнес жоспар құруды үйретіп қана қоймай, ең төменгі пайызбен несиеге қол жеткізуге де көмектеседі. Сондай-ақ, мұнда жас кәсіпкерлерге арналған мектеп те бар. Мұнда өз бизнесіңді құруды үйретіп, жеке кәсіпті ұршықтай үйірудің жолдарын көрсетеді екен.

Айтпақшы…

Бүгінгі күні барлық жерде «Балапан» бағдарламасы жүзеге асуда, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін ұсынады. Әріптестік бойынша жекеменшік балабақшадан мемлекеттік тапсырыс бойынша топтар ашылып, тізімде тұрған балалар балабақшаға жолданады. Алайда, бұл бағыт бойынша жұмыс істеу үшін білім беру бөлімі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша БАҚ беттерінде конкурс жариялауы керек. Конкурстан өткен балабақшаға баланың ай сайынғы табысынан бөлек әр балаға мемлекет тарапынан қосымша ақша төленіп отырады. Осылайша, мемлекет жеке кәсіпкерлерге көмек қолын созып отыр. Сондықтан, нар тәуекелге бел бусаңыз, ұтылмайсыз. Өйткені, балаларды балабақшамен қамту мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Ендеше жекеменшік балабақша ашуға белді бекем буыңыз. Бұл да бизнеске барудың бір жолы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.