Жарты ғасыр бақытты ғұмыр

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында жолға қойылған жақсы дәстүрлердің қатарында жас жұбайларға салтанатты түрде куәлік тапсырумен қатар Алтын той иелерін құрметтеу де бар.

Өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Тұяқбай атай мен Қаракөз әжейдің отау құрғанына 50 жыл толуына байланысты салтанатты рәсім жасалды.
Мерейтой иелеріне мұндай мерекені Сәтбаев қалалық Әділет басқармасы АХАЖ бөлімі ұйымдастырды.

Алтын той иелерінің отағасы Тұяқбай Смайлов 18 жасынан еңбекке араласып, 38 жыл адал еңбек етіп, бүгінде құрметті демалыста. Жас кезінде Жезқазған қаласы Ішкі істер бөлімінде біраз тәжірибе жинап, облыстық азаматтық қорғаныс штабы бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Жезқазған облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  басқармасында бірнеше жыл мемлекеттік қызметте болды.

1961 жылы Сарыкеңгірдің Қаракөзімен отау құрып, 4 ұл 4 қызға әке, 22 немере мен 3 шөбереге ата болды.

Содан бері жарты ғасыр өтіпті. Өмірдің қызығы мен қиындығын қол ұстасып бірге өткізген, отбасының бірлігін сақтап, адалдық пен еңбексүйгіштікті ту етіп, ұрпақтарына дарытқан жандардың өткен жолы болашақ ұрпаққа, жас жұбайларға үлгі болмақ.

АХАЖ бөлімінің іс жүргізушісі Беренкүл Ахмедия той иелеріне Әділет басқармасының құттықтау хатын тапсырды.

Салтанатқа жиналған Алтын той иелерінің туған-туыстары, құдалары, немере, шөберелері атынан тілектер айтылып, тақпақ оқылып, әндер орындалды. Балалары сыйлаған алтын жүзіктерімен алмасқан атай мен әжей неке кітабына қолдарын қойып, махаббат вальсін биледі.

Мерейтойдың куәгерлері Тұяқбай-Қаракөз Смайловтардың балалары  жайған ақ дастарханнан дәм татты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.