Оқушылар қарттар үйінде болып қайтты

Адамның өмірінің мәні мен сұлулығы, келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Өкінішке орай, өз отбасынан жылу таппаған қаншама қарияларымыз қарттар үйлерінде өмірлерін жалғастыруда…

Жуырда, Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің директоры Г.Жаппасованың ұйымдастыруымен мектебіміздің жоғары сынып оқушылары Жезқазған қаласының қарттар мен мүгедектерге медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін мекемесінде болып, қайырымдылық іс-шарасын өткізіп қайтты. Шараға мектебіміздің 10 «А» , 11 «А» ,11 «Б» сынып оқушылары және 10 «А» сыныбының ата-ана комитетінің мүшесі Гулнар Салмурзинова мен мектеп директорының ғылыми әдістемелік жөніндегі орынбасары Гулжамиля Кышамбаева, 11 «Б» сынып жетекшісі Сания Актанова мұрындық болды.
Қарттар үйіндегі тұрғындардың көңіл-күйін көтеруді мақсат еткен мектеп оқушылары сахнада өз өнерлерін ортаға салды. Мың бұралған билер мен әуезді әсем әндер көңілі жабырқау жандарды бір серпілтіп, жүректеріне жылу берді. Н.Жұмағұл, І.Букишева, А.Қайырбек ән айтып, Т.Қален домбыраның шанағынан күй төгілтті. Гүлнар Өтемісқызы қарттарымызға жыр арнап, өнерлерін оқыды.

Шара барысында оқушылар Қарттар үйінің тұрғындары үшін мерекелік дастархан жайылып, әр түрлі сыйлықтар тарту етті. Қарияларымыз да қарап қалмады. Өрендерге өздерінің ақжарма баталарын берді.

Тұрдыгүл Прімова,
бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.