Әрбіріміздің рухани деңгейіміз жоғары болу қажет

Қалалық әкімдікте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын түсіндіру бойынша кездесу өткізілді. Оған арнайы шақырылған елімізге белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы мен Қарағанды облыстық-аналитикалық орталығының инспекторы Шахмарал Кабулова қатысты. Жиын барысында аталған мақаланың мәні мен мағынасы кеңінен түсіндірілді.

Ел Президенті бұл мақаласында сананы түбегейлі қалыптастыру үшін рухани жаңғыруды басты назарға алу керектігін айтқан болатын. Саяси және экономикалық санадан бұрын рухани жаңғыруды алға тарту көзделіп отыр. Сол үшін де оның үрдістерін іске асырудың негізгі алты бағыты айқындалып, жалпыхалықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Ақсұңқарұлы мақаланың ұтымды тұстарын айтып, ұлттық сана, ұлттық код сынды тіркестерге кеңінен тоқталды.

– Қазіргі уақытта халықтың рухани деңгейі төмендеп кетті. Бұл технологияның қарыштап дамыған заманында, әсіресе әлеуметтік желілердегі жақтырмау, жамандау сынды көзқарастар өршіп тұрған кезең. Бұл дұрыс емес. Еліне еңбегі сіңген арда азаматтардың қадірін кетіретін өсек-аяңдар тиылса, құба-құп. Елдің мәдениеті, оның танымы сол елдің кітап оқу деңгейімен байланысты. Жастар, тіпті ересек адамдар кітапты құп көрмей кетті. Рухани жаңғырудың бір кілті осы. Сондықтан әдебиеттің, мәдениеттің тереңіне үңілуіміз керек, – деп, ақын қазіргі таңда қызу талқылауда тұрған латын әліпбиіне көшуге қатысты ойларын да жеткізді.

– Көпшілік арасында қарсылықтар туындап жатыр. Дамыған елдердің барлығы осы қаріпті пайдаланып отыр. Бұған қорқынышпен қарамауымыз керек. Елдің болашағына алаңдаған адамдар мұны қолдайды. Қайтсек те латын әліпбиіне көшетін боламыз, – деді Серік Ақсұңқарұлы.

Жиынға қатысқан қаламызға белгілі ақын-жазушылар көкейіндегі сұрақтарына жауап алып, бірқатар ұсыныстарын ортаға тастады.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.