Ерінбеген жетер мұратқа

Жасыратыны жоқ, мамандық таңдауға жастар жеңіл қарайды. Кейбіреулер қатар жүрген құрбылары қандай оқуға барса соған құжат тапсыра салады, не болмаса құлқы жоқ болса да ата-ананың қалауындағы оқуға құжат тапсырады.Тіпті, 2-3 дипломы бола тұра сауда-саттықта жүрген жастар қаншама…

Әрине, мұнан, барлық жастар солай екен деген ой туындамаса керек. Өзінің алғырлығымен, ізденгіштігімен білім мен ғылымның қай саласында болса үлкен шыңға жетіп жүрген жастарымыздың бар екеніне куәміз. Мен, осы заманда ешкімнің көмегіне сүйенбей, ата-анаға масыл болмай, өзінің талабымен, көп ізденіс пен еңбектің арқасында сирек кездесетін мамандықтың бірі, Талғат Бигелдинов, Тоқтар Аубакиров, Талғат Мұсабаев ағалары сияқты ұшқыш болуды армандаған Сәтбаев қаласының түлегі туралы мектеп оқушыларына үлгі болсын деп аз ғана ойымды білдіруді жөн көрдім.

1990 жылы Әбдімүтәліп пен Алтынайдың қарапайым отбасында тұңғышы Батырхан дүниеге келді. Ол 1-6 сыныпты Сәтбаев қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында оқып, 7 сыныптан бастап Жезқазған қаласындағы қазақ-түрік лицейіне ауысты. Сонда орта мектепті бітіреді де, Қарағанды мемлекеттік университетінде шет тілінен дәріс алады.

Алайда, бала кезінен ұшқыш болуды армандаған Батырхан 4 курстан кейін, яғни, 2011 жылы «Эйр Астана» әуекомпаниясының «Аб-инишио» бағдарламасына құжат тапсырып, бірнеше сынақтардан сүрінбей өтті. Сөйтіп, ұшқыштар даярлайтын 1 жылдық оқуға, АҚШ-қа жолдама алады. Оны қанағат тұтпаған Батырхан 2012 жылы Ирландияда 2 жыл оқиды. 2013 жылы Францияда «Эйрбас» атты ұшақты басқаратын оқуға түсіп, оны да ойдағыдай бітіріп, «Эйр Астана» компаниясында «Эйрбас» ұшағын ұршықша иіріп, халықаралық әуеқатынастарында ұшқыш болып халыққа қызмет етіп жүр.

Сүйікті мамандығың, өмірлік жарың сияқты, одан ләззат аласың. Осындай қалаған арманына жету үшін ерінбей, жалықпай, бар жігер, қайратын салып, мұратына жеткен жастар көбейе берсін деймін. Тіл көзден аман бол, қанатың талмасын, әр ұшқан ұшағың аман-есен жерге қонуға Алла нәсіп етсін, Батырхан бауырым!

Р.S. Осы мақалам жазылып жатқанда Батырхан бауырымыз, Сәтбаев қаласының бір аруының құлағына сырға салыпты деген хабар жетті. Қосағыңмен қоса ағар, бақытты болыңдар!

Серік Қолданұлы,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.