Екінші маусымды аяқтады

Жеті жыл қатарынан жазғы мезгілде қаланың абаттануы мен көгалдануына көмегі тиіп келе жатқан «Жасыл ел» еңбек жасақшылары биылғы жылы да біраз шаруаға қолқабыс етті. Үш кезеңде еңбек ететін еңбек жасағы екінші маусымын да сәтті аяқтады. Осыған орай спорттық сауықтыру кешенінде «Жасыл ел» еңбек жасақшыларының шілде айындағы екінші маусымының жабылу салтанаты өтті.

Маусымның жабылу салтанатында алғаш болып сөз алған қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Маруа Келмағанбетова жастардың қала тазалығына қосып отырған үлестерін айта келе, осы маусымда белсенділік танытқан бір топ жасақшыларды Мақтау қағазымен марапаттады. Айта кету керек, еңбегімен көзге түскен 10 жасақшы облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағы штабының марапатына ұсынылып отыр.

«Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев жасылелдіктердің  көмектеріне алғысын білдіріп, еңбек маусымының жабылуымен құттықтады.

Салтанатты жабылудың соңы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Жастар спортты қолдайды!» атты спорттық ойынға ұласты. «Қазақмыс-спорт» кешенінің өкілі Рафаэль Мазитов «Жасыл ел» еңбек жасағының жасақшылары арасында өткен жарысқа сәттілік тіледі. Бұл күні жастар эстафеталық ойындардан және ұлдар футболдан, қыздар баскетбол мен стритболдан жарысқа түсті. Ойында үздік шыққандар Мақтау қағазымен, заттай сыйлықпен марапатталды.

Жалпы алғанда «Жасыл елдің» жасақшылары ішкі саясат бөлімі мен «Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жүрген патриоттық бағыттағы ауқымды іс-шаралардың белсенді қатысушылары.  Биыл қолға алынған «Тәуелсіздік нұры шашылсын әр аулаға» атты аулалар фестиваліне де сарбаздар ынтамен атсалысып, балалардың ойын алаңдарын ретке келтіруде атқарған істері көңіл қуантады. Үшінші маусымда да жастар белсенділік танытады деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.