Латын жазуына қайта оралу – ұлттық сананы жаңғырту

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық ісқағаздары  мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиіс екендігін тапсырды.

Шын мәнінде, латын әліпбиіне  көшудің уақыты жеткендігі айдан анық. Тәуелсіздік алған соң латын әліпбиіне бірден көшпеуімізге мүмкіндігіміздің болмауы, экономикамыздың төмен болуы себеп болды. Экономикамызды түзеп, көп нәрсеге қол жеткізгеннен соң латын әліпбиіне көшу мәселесі қайта көтеріліп отырғаны өте орынды.

Қазақ жазуы тарихының қола дәуірден, сақ, үйсін, қаңлы, ғұн тайпаларынан бастау алатыны ғылыми дәлелденген. Ата-бабаларымыз қолданған 16 қаріп байырғы түркі әліпбилерімен қоса, Ахмет Байтұрсынов қалыптастырған араб төте жазуына, одан әрі латын, қазіргі кирилл әліпбиімен жалғасып жатыр. Дауысты дыбысты қосқан жазу әлемде түркі жұртында ғана болған.
Тіл – ұлт тұтастығының белгісі дейтін болсақ, жазу – сол тұтастықты жүзеге асыратын құрал. Қазақ жазуының бірнеше рет реформалануы сол кездердегі тарихи жағдайлармен, саясатпен тығыз байланысты болды.
Латын әліпбиіне көшу мәселесін 1991 жылы академик Әбдуали Қайдар көтерген болатын. Ресми тоқтам 2006 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында жасалды.
Бүгінде Қытай қазақтары А.Бай­тұрсыновтың төте жазуын пайдаланса, Түркияда латын, бізде кирилл жазуы қолданылады. Бір ұлт – үш түрлі жазу. Кирилл жазуы қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпияық заңдылықтарына көп­теген қайшылықтар тудырды. Соның нәтижесінде еріксіз енгізілген заңдылықтар мен қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына «бағынбайтын» ережелер қалып­тасты. Мәселен, қазақ тілінде сингармонизм заңы сақталса, оған бағынбайтын жағдайлар (Мүсірепов+тің), дыбыс үндестігіне бағынбайтын тұстардың кездесуі (клуб+қа; педагог+тер) – осының айғағы.
Әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар да өзгереді, ал орфоэпиялық нормалар өзгеріске түсе бермейді. Алайда, әріпке сүйене сөйлеу етек алған кезде тілдің басты өзегі болатын орфоэпиялық нормаларға да қауіп төнетінін бүгінгі күннің өзгерісі көрсетіп отыр (Мысалы: иық-ыйық).
Қазіргі қазақ әліпбиі ұлттық әліпби емес, қосамжар әліпби болып отыр. Осымен байланысты ғалымдар әліпби ауыстыру ең бірінші лингвистикалық түрткі жайтқа барып тірелетінін дәлелдейді. Екі тілдің орфографиясына қызмет ететін әліпбиге түбегейлі реформа жасау арқылы тіліміздің дыбыстық жүйесін нақты белгілейтін, оның өзіндік табиғатын бейнелеп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізетін жаңа жазу-сызуға көшу керектігін айтады. Жалпы қазақ әліпбиінде 29 дыбыс бар. Ал қазіргі әліпбиімізде 12 әріп (в, ё, ф, х, ц, ч, щ, э, ю, я, ъ, ь) қазақ тіліне жат. Ф, х әріптері 1938 жылдан қолданысқа енсе, қалған 10 әріп 1940 жылы орыс графикасына негізделген әліпбиге көшкенде қабылданған болатын. Бұл әріптер орыс тілінен енген сөздерді бұзбай, яғни түпнұсқасына жақындатып қолдану үшін алынды. Орыс тілінен енген я, ю, ё, щ, ц, э тәрізді әріптер қазақ әліпбиі үшін басы артық таңбалар болып табылады. Жасанды жазылымда қазақ тілінің негізгі фонетикалық заңы – сингармонизм бұзылады, орфография айтылымға – орфоэпияға кері әсерін тигізеді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері қызу талқыланып, зерттелуде. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ғылыми принциптер, латынның төл таңбалары, пернетақтадағы латынның 26 таңбасын өзгертпеу, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі сияқты мәселелер негізге алынып отыр.
Әліпбидің осы нұсқасына байланысты туындайтын тағы бір мәселе ц, ф, в сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес дыбыстар жайлы болып отыр. Бұлар біздің төл дыбыстарымыз болмағанымен, осы дыбыстар кездесетін сөздер қазіргі қазақ тілінің қорынан орын алған. Тілдік қордағы сөздердің маңыздылығына мән беру принципі негізге алына отырып, бұл нұсқада осы дыбыстарға орын берілген. Осы дыбыстармен қолданылатын сөздерге орфографиялық сөздік негізінде талдау жасаған ғалымдар олардың санын анықтаған:
В әрпі кездесетін сөздер саны – 755
Ф әрпі кездесетін сөздер саны – 1098
Ц әрпі кездесетін сөздер саны – 520.
Құрамында осы дыбыстар кездесетін сөздердің жалпы саны – 2373.
Латын әліпбиіне елдегі көптеген азаматтардың, әсі­­ресе, жастардың көздері үйренген. Жазу дағдысының қалыптасуы уақыттың еншісінде.
Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің енгізілуі кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. 2018 жылы маман даярлау, екі жыл әдістемелік нұсқаулықтар әзірлеу, 2022 жылы бірінші сыныпқа енгізу жоспарлануда.
Латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары:
Әлемдік өркениетпен жақындастырады, яғни ақпараттық кеңістікке кең жол ашылады;
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды жақындастырады;
Әлем қазақтарының рухани, мәдени, ғылыми бірлігін күшейтеді;
Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер қысқарып, сол арқылы тіл тазалығын сақтауға мүмкіндік туады;
Басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады;
Орыс тілінің заңдылықтарынан арылтады;
Қажетті, өміршең әдебиеттер ғана аударылады;
Ағылшын тілін үйренуде қиындық тудырмайды;
Клавиатура (пернетақта) өзгермейді.
Латын әліпбиіне көшудің қиыншылықтары:
Оқулықтар мен оқу құралдарының жылдам аударылу мәселесі (бастауыш мектеп, орта мектеп, одан кейінгі оқу орындары бойынша);
Мол қаражаттың қажеттілігі;
Психологиялық фактор­лар­дың ықпалы.
Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу сияқты мәселелер әлі де өз деңгейінде емес. Осындай мәселелерді де латын әліпбиіне көшу арқылы шешетін боламыз.
Сонымен, біз латын жазуына қайта оралу арқылы ұлттық санамызды жаңғыртамыз.
Мадинат Игенберлина,
«Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ
бас маманы.

Комментарии закрыты.