Жақсы ісімен ел есінде қалған жан

Мысты аймағымыз талай асыл азаматтармен мақтана да, марқая да алады. Арқа жерінің мысын алып, елдің байлығын еселеу жолында еңбек еткен талай тұлғалардың есімі бүгінде тек естелікке айналды. Соның бірі  – Жолтай Тоқбергенов.  Кешегі кеңестік кезеңде Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ғазиз Омаровтың шәкірті Жолтай Тоқбергеновтің өмірі мен аймақтың дамуына қосқан үлесі жайлы аз айтылып, аз жазылып жүр. Аймақтың  асыл азаматтарының  бірі – Жолтай аға – биыл тірі болса 75 жасқа толар еді. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында жақсы ісімен ел есінде қалды. Дархан мінездің иесі Жолтай Тоқбергеновтің өмірден өткеніне он жылдың жүзі болыпты.  Оның еңбек жолы забойшыдан басталып, қазіргі күні Ғ.Омаровтың есімін иеленген Жезқазған шахтапроходкалау тресінің №2 басқармасында бас энергетик, трестің бас энергетигі дәрежесіне дейін жетті.

Ағай жайлы естелік жазуды парыз санап, Жолтай ағаның өмірлік жары Кенжебала Досбайқызымен дидарласқан болатынбыз:

– Жолтай Тоқбергенов 1936 жылы 1 мамырда өмірге келген күні ауыл адамдары жиналып, «Лениншіл» колхозының орталығына мерекелік шеруге  кеткен екен. Көпшілік шеруден келген бетте Айдархан атамның үйіндегі қуанышқа ортақтас болады. Шекер енеміз маңдайы торсықтай ұлды жөргекке орап, жатқызып қояды.

Жолтай 2 жасқа келгенде анасы Шекер дүниеден өтеді. Жөкең бала жасынан бойы ұзын, қағілез болып өскен екен. Жастайынан ата-әжесінің, нағашыларының тәрбиесінде болады. Әкесі Айдархан соғысқа қатысқан. Колхоздың көп жұмыстарына Жолтай бала жасынан араласып ер жетеді. Бір мерекеде колхоз Жолтайға 16 пұт бидай бергенде, екінші анасы Айбарша енеміз «Жолтайжаным асырады», – деп қуанып, көрші-көлемге кеселеп бидай таратса керек. Тоқберген атам 1945 жылы қайтыс болды. Баласы Айдархан (Жолтайдың әкесі) соғыстан аман-есен  елге оралады.

Жолтай Қарабұлақта, Қарсақбайда оқыды. Жетінші сыныптан кейін, Рудниктегі кешкі мектепте оқыды.

Еңбек жолын 1951 жылы бастады. 1961 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне түсіп, 1966 жылы инженер-электрик мамандығын алып шығады. №45 шахтада механик болады. Жезқазған шахтапроходкалау тресінде 11 жыл бойы бас энергетик қызметін атқарады. Зейнеткерлікке трестен шықты. Ол уақытта Жезқазған шахтапроходкалау тресі бүкіл Одақ бойынша аты шығып, жетекші өндіріс орны саналды. Жолтай Ғазиз Омаровтың қарамағында істеді. Жолтайды іні санап, ағалық қамқорлық жасады. Көзінен таса қылмайтын. Жолтай  демалыста жүрсе де іздеп отыратын. Жұмысқа деген ынтасы мүлде ерекше еді. Тойға, қонаққа барса да, диспетчерге қоңырау шалып, жұмыс барысын біліп, алаңдап отыратын.

Іс сапарға көп шықты. Тюменьде, Кузбасста, Новосибирскіде, Мәскеуде көп болды. Қайда барса да шаруасын абыроймен орындап келетін.

Асабалығының өзі бір әңгіме. Талайдың тойын басқарды. Қазір Астанада тұрып жатқан Жұмабек Айымторинді бір-ақ күнде қолына домбыра ұстатып, асаба етіп шығарды.

Үйге Жолтайды іздеп Қазақстанның түкпір-түкпірінен кісілер келетін.  1970, 1976 жылдары Аманкелді батырдың ұлы Шәріп келіп, үйімізде қонақта болды.

Домбыраны жақсы тартатын. Жалпы қазақтың ән-күйіне, әдебиетіне, ақын-жазушыларына деген ықыласы ерекше болатын. Бірде Алматыға барғанда Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ» кітабын алып келді.  Ол 1970 жылдардың кезі, ондай кітап екінің-бірінің қолына түсе бермейтін, жасырып оқитын. Білімін жетілдіріп отыратын марқұм. Газет-журнал, ғылыми оқулықтар жан серігі болатын.

Екеуміз 1964 жылы 5 желтоқсанда тұрмыс құрдық. 1965 жылы үлкен қызымыз туғанда шілдеханасында Аманкелдінің ұлы Шәріп болды.

1966 жылы мен оқуды бітіріп келгенде, Жолтай Жезқазғанда өндірістік практикада жүрді.

1981 жылы Орал тауларына іссапарға аттанды. Жол қиын, тау арасымен бұралаңдаған жолдан әбден қажиды. Қолдарында карта, соған қарап бағыт біледі. Шопыры Қажкен деген жас жігіт:  «Мына жерде мерт болсақ, сүйегімізді де таппайды ғой», – дейді екен. Сонда Жөкең:  – Олай деме, Қажкенжан, біз жұмыстың қамымен жүрміз, бізді күтіп отырған ел бар, трест бар, – деп басу айтқан екен.

Тағы бірде Красноярскіге барды. Сонда вокзалда тұрса, бір полковник: –  Осы маңда Рамазан Амангелдіұлы қоршауда қалған балалар үйінің тәрбиеленушілерін құтқару кезінде  ерлікпен қаза тапқан. Ол кісі туралы жергілікті өлкетану музейінде деректер бар», – дейді. Билет алған соң мұражайға бас сұғып, мұражайды аралайды. Жаралы Рамазан бейнеленген суретті көреді. Жазуы да бар екен. Сурет әйнектің астында, қолға алып көрейін деп, мұражай басшысын іздегенімен таппай, кете барады.  Үйге келген соң келесіде барсам, анықтап көремін деп жүруші еді, қайтып жолы түспеді.

Ол уақытта жер астында жүретін көліктер жиі бұзылатын. Жолтай соның басында түнеп те жүрді. Үйде болса телефонды басына жастап жататын. Жолтай жаңа жабдықтардың электрмен жүруін қамтамасыз ететін схема жасап, тізбек құрап, өнертапқыштық , рационализаторлық  еңбектер жасады. Адал еңбегінің арқасында «Еңбек ардагері» медалін тақты.  «Трестің озат рационализаторы» ретінде марапатталды. Көп еңбектерін өз атына жазған жоқ. Көбінесе институтқа жіберетін. Орталықтан шығатын өнеркәсіптік бір журналға шыққаны  есіме түсіп отыр.

Ол өзімен бірге қызметтес болғандардан Мұзараф Ахановты, Жұмабек Сауранбековті және.т.б қатты сыйлады. Институтта бірге оқыған Жайық Мұңсызбаевпен, Дәулет Айқынбаевпен отбасылық дос болдық.

1992 жылы №57 шахтаны су басқанда Жолтай мен Жарас Тайжанов екеуі тізеден су кешіп, тетігін жауып шықты. Осыдан-ақ түсіне беріңіз қызметке деген сүйіспеншілігінің шексіз екенін. Жөкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де тау-кен өндірісінің әр саласында, поселке әкімшілігінде 14 жыл бойы еңбек етіп, трестің еңбек ардагерлері кеңесіне жетекшілік етті, – дейді апай.

Кенжебала апа 30 жылдан аса уақыт  мыңдаған шәкіртке білім нәрін сіңдірген жан. Қаладағы №27, №7 мектептерде еңбек етті.

Жолтай ағай мен Кенжебала апай бес қыз тәрбиелеп, өсіріп, бүгінде апай немерелер қызығын қызықтап отыр.

Бар ғұмырында тау-кен саласының дамуына өз үлесін қосқан Жолтай Тоқбергеновтің аты ешқашан өлмек емес.

Жазып алған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.