Көмір тиелімін ұлғайтты

Көмір жеткізу жағдайы туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Үкімет отырысында мәлімдеді. Жөнелтілім көлемін ұлғайту және баға саясаты бойынша шаралар қолданылуда, деп хабарлады аймақ басшысы.

– Облыста коммуналдық-тұрғын үй қажеттіліктері үшін басты көмір жеткізуші – «Шұбаркөл көмір» АҚ. Разрез өндіріс көлемін үш есеге ұлғайтты. Тек қана республика тұрғындарының қажеттіліктері үшін 9 айда 2 млн тонна шығарылған. Ол өткен жылғы осындай мерзіммен салыстырғанда 18 %-ға көбірек, – деді Ерлан Қошанов. – Кәсіпорынмен бірлесіп қиындық туындатып отырған бұл жағдайды шешу үшін қосымша шаралар қолданылды. Тиеу нүктелеріндегі техника саны артылды, олар екі ауысыммен жұмыс жасап жатыр.
Жергілікті жерлерде жағдайды бақылап, реттеп отыратын облыстық штаб құрылды. Облыста қазақстандық нарыққа шығарылатын көмірдің тәуліктік көлемін ұлғайту бойынша еліміздің Премьер-министрі берген тапсырмасы орындалды. Вагондар саны 140-тан 180-ге дейін өсті.
– Мәселе халыққа арналған көмір төңірегінде қозғалып отыр. Бұл шара разрезден көмірді өз бетінше шығарып алып кетуге сұранысты төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Ерлан Қошанов. – Жалпы алғанда көмір жеткілікті көлемде бар. Вагонға қатысты мәселелер де шешімін тапты. Облыстардың әкімдерімен бірігіп біз көмірді жеткізу кестелерін реттеп алдық.
Қарағанды облысының әкімі әріптестеріне көмірді жылдам қабылдау және дереу халыққа жеткізуді ұйымдастыруларын өтінді. Ол біздің облысымыз жоғары сұраныстарды орындауға дайын екенін жеткізді.
– Астанаға тәулік сайын 25 вагон көмір жіберіледі. Ол халықтың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті, – деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Облыс ішіндегі халықты да көмірмен қамтамасыз ету мәселесі реттелді. Әкімнің мәлімдеуінше, тәулік сайынғы көмір жеткізу 60 вагонға дейін жеткен. Бірінші кезекте вагондар шалғайдағы аудандар мен қалаларға жіберілуде.
– Бүгінгі таңда шұбаркөлдік көмір еркін сатылымда жеткілікті көлемде бар, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Ол баға саясатына қатысты шаралар туралы да тоқтала кетті. «Шұбаркөл көмір» АҚ қатты отынды бір тоннасына 5000 теңгеден жіберіп жатыр, ресми трейдерлерде теміржол тұйықтарында көмірдің бағасы 11 000 – 11 500 теңгеге дейін көтеріледі.
– Біз трейдерлермен жұмыс жасап жатырмыз. Облыс бойынша шұбаркөлдік көмірді тоннасына 10 000 теңгеге дейін төмендетуге келісім орната алдық. Сонымен қатар, көмірдің қоймадан тұтынушыға дейін жеткізілетін ара қашықтықты, жол шығындарын ескеру керек, – деді Ерлан Қошанов. – Сонымен қатар, «Шұбаркөл көмір» АҚ басшылығымен келесі жылдан бастап облыс тұрғындары үшін көмірді арнайы бағамен сату туралы меморандум құруға әрекет жасап жатырмыз.

Комментарии закрыты.