Сенбілік өтті, қоқыс қалды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен жақында өтетін кеншілердің кәсіби мерекесі қарсаңында қаламызда тамыз айының 6 күні осы айда жоспарланған екі жалпықалалық сенбіліктің  алғашқысы өтті. Бұл сенбілікке, әдеттегідей, мемлекеттік мекемелердің, акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, қаламыздағы әр түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері шықты.

Алайда, қаламызда қаптап кеткен Алматы, Бішкек тауарларын сататын дүкендердің, кейбір сауда үйлерінің ұжымы мен қала тұрғындары бұл сенбілікке шығуды жөн көрмеді. Неге? Мүмкін олар сенбілік тек бюджеттік мекеме қызметкерлері үшін деп ойлайтын шығар?

Таңертеңгі сағат 10-ға таман сенбілік басталып кетті. Барлық ұжымдар алдын ала бөлінген аймақтар бойынша жұмыс істеді. Әрине, бұл сенбіліктің басқа сенбіліктерден айырмашылығы шамалы болды. Басты назарда болған аймақтар – қаламыздың орталық көшелері, кеншілер алаңы, әкімдік, мешіт және т.б. жерлер.

Мысалға, орталық мешіттің маңайын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және қалалық білім бөлімінің қызметкерлері тазартса, әкімдіктің жан-жағын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен әкімдіктің қызметкерлері жинады. Ұлытау көшесінің бойын «Сәт-Сәулет» АҚ мен СЖТАК жұмыскерлері тазартты. Сенбіліктің қалай өтіп жатқаны туралы СЖТАК-тың қызметкері Гүлсім Айтбаеваның пікірін білдік.

–    Бүгін таңертеңнен бері өзімізге бекітілген қаламыздағы ең үлкен Ұлытау көшесін жинап жүрміз. Бұл жерді біз әр сенбілік сайын тазартып, жиектерін әктеп, бояймыз. Сонымен қатар ағаштарды кесіп, қоқыс үйінділерін жинаймыз. Негізінде, Ұлытау көшесін қаламыздың беті деп айтуға болады. Себебі, қаламызға келген қонақтар осы жол арқылы өтеді. Ұзын, әрі таза көшенің бойымен келе жатқан адамның, әрине, көңілі көтеріліп, қала жайындағы пікірі де оң болатыны сөзсіз. Сондықтан, барша тұрғындарды қаламызды, әсіресе, осы көшені таза ұстауға шақырамын, – деді Г.Айтбаева.

Сонымен қатар, жоспар бойынша жиналған жерлердің бірі Жеңіс саябағы болды. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, Отанымызды қорғаған, бізге бейбітшілік сыйлаған батырларымызға арналған бұл саябақтың жағдайы мәз емес. Қираған орындықтар, сынған бөтелкелердің, шылымның қалдықтары мен толған қоқыстар… Мәңгі алаудың айналасындағы мәрмәр тасты шимайлап тастапты. Бұл қоқыстардың барлығын «Жасыл ел» жастар жасақтары мен «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелері жинап жүр. Жастар бұл саябақты жинап жүргенде не көрмеді дейсіз?! Күнделікті сол жерді тазартып жүретін балалардың қала тұрғындарына айтар шағымдары да көп.

–    Бүгін қаламызда қала әкімі Б.Шыңғысовтың бастамасымен жалпықалалық сенбілік өтіп жатыр. Біз, «Жасыл ел» жасақтары мен «Жас Отан» мүшелері, осы саябақты әрдайым жинап жүреміз. Қазір біз «Сәт-Сәулет» АҚ жұмыскерлерімен бірлесіп саябақты тазарту үстіндеміз. Дегенмен, бүгін жинаған жерлеріміз ертең шашылып жатады. Тұрғындардың, әсіресе, кешкі уақытта осы саябақта демалатын жастардың қала тазалығына деген мұндай немқұрайлығы жаныңды ауыртады. Сондықтан, жастарды қаламызды таза ұстауға және батыр ағаларымыздың рухына арналған саябақты қастерлеуге шақырамын, – деді «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлыбай Наурызбаев.

Сонымен, қалалық сенбілік өтті. «Көп түкірсе, көл болады» демекші сенбілікке шыққан азаматтардың арқасында  қала бір тазарып қалды. Дегенмен,  әкімдіктің маңындағы үйіліп жатқан қоқыстар сол қалпында қалды. Үйлердің арасы, балабақшалар мен сауда үйлерінің іргесі мүлдем жиналған жоқ. Қашанға дейін жекеменшік үйлердің, мекемелердің иелері осылай «бетін бояп, мойнын жумаған қыздың» кейпін киіп жүреді? Ойланар уақыт жеткен жоқ па?

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.