Шекарашылар марапатталды

Сәтбаев қаласының қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Е.Өткелбаевтың төрағалық етуімен сейсенбі күні аталмыш бөлімде күзгі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтармен жиын өткізілді.

Жиынға арнайы қатысқан «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» РМҚК Қарағанды филиалының директоры Д.Давидовский жиналғандарға әскери мектепке түсудің тәртібі мен талаптары жайлы мағлұмат берді.
– Біздің әскери-техникалық мектепте әрбір азамат өзінің Отан алдындағы борышын қысқа мерзімде өтей алады. Мұндағы қырық күндік оқу-жаттығу бір жылғы әскери қызметпен тең. Ол үшін азаматтар 24-27 жас аралығында болуы және оқудың ақысын төлеуі керек. Бұл төлемақыға міндетін өтеушінің күнделікті үш мезгіл тамағы, киімі, жатын орны және оқуы кіреді. Мектепті бітіріп әскери билет алған соң олар әскери бөлімшелерге немесе құқық қорғау органдарына жұмысқа орналаса алады, – деді Д.Давидовский.

Іс-шара барысында қатысушылар келген қонаққа өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.

Кездесу жағымды жаңалықпен жалғасты. Қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің бастығы Е.Өткелбаев Мемлекеттік шекарада қызмет еткен екі сәтбаевтық сарбазды марапаттады. Оның бірі – Сәтбаев қаласынан өткен жылдың көктемінде шақырылған 2016 әскери бөлімінің ефрейторы Асылмұрат Алтынбеков. Ол ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын. Асылмұраттың басқа қалада болуына байланысты төсбелгі мен куәлік әкесіне табысталды.

Келесі кезекте жерлесіміз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2091 әскери бөлімінің мерзімді қызметкері, байланыс және сигнализация бөлімшесінің радиотелефоншысы, қатардағы жауынгер Анатолий Клак құрметке ие болды. Ол Жаркент қаласында қызмет атқару барысында жоғары шекаралық шеберлік көрсетіп, 2017 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекеттік шекара бұзушыны ұстаған. Осыған орай, аталған әскери қызметшінің анасы Диана Меньшиковаға салтанатты түрде әскери бөлімнің командирі, подполковник Р.Рамазановтың атынан Алғыс хат табыс етілді. Ал, Анатолийға Мемлекеттік шекара бұзушыны ұстау іс-әрекетіне қатысқаны үшін қысқа мерзімді демалыс берілді.

Осылайша ел шекарасын үлкен жауапкершілікпен, батылдықпен қорғап жүрген сәтбаевтық сарбаздар Отанының нағыз патриоттары екендіктерін көрсетті.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.