Жолда – Жас инспекторлар

Таяуда қаламыздағы Абай көшесінің жаяу жүргіншілер жолағында жол патрульдік полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен акция өткізілді. Бұл жолы тексеріске тәртіп сақшыларымен бірге мектептерден құрылған жас инспекторлар тобы шықты. Шараның мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқықбұзушылықпен күресу.

Патрульдік полиция қызметкерлері түс ауа жол жүру ережелерін бұзған көліктерді тоқтатып, олардың тізгіншілеріне ескерту жасады. Тәртіп сақшыларының «тұзағына ілінгендерге» «Полицияның жас көмекшілері» тобы да құқықбұзушылықтар туралы ақпарат жеткізді. Мұнымен қоса жасөспірімдер тұрғындарға да қоғамға қарсы әрекеттерден тыйылу жөнінде кеңестерін айтты.

Тәртіп сақшыларына көмекке келген топ Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушылары болды. Құрамында 10 мүшесі бар ұжым қала көлемінде құқықбұзушылықтың алдын алуды мақсат тұтады. Топ кәмелет жасына толмағандар арасында бұзақылықты тыюмен қатар, ішкі істер органдарының қызметімен танысу үшін құрылған.

– Қаламызда қазан айының 16-сы мен 20-сы аралығында «Мен және менің полицейім» атты акция өткізілді. Осы уақыт аралығында көшелердегі жолдар мен мектеп қабырғаларында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі шараға жасөспірімдер тобы да шақырылды. Бұл өз кезегінде жастарды ұсақ бұзақылықтан тыюға, жолдағы ережелердің бұзылмауына жағдай жасайды деп ойлаймын, – деді қалалық ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Жанболат Әбдіғалиев.

Тексеріс барысында жол жүру ережелерін бұзған бірқатар азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды.

Комментарии закрыты.