Ашық біріншілік өз мәресіне жетті

Өткен аптада жасөспірімдердің спортқа деген ынтасын көтеру мақсатында бокстан ашық біріншілік өткізілді. 2004-2005, 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған турнир 19-22 қазан аралығында өтіп, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады.

Бейсенбі күні «Жастар» спорт сарайы спортты жанындай көретін жастарға лық толы болды. Біріншіліктің ашылу салтанатында сөз сөйлеген қаламыздағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебі басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Біржан Мұқанов қатысушылар санының ұлғаюын жақсылыққа балады.

– Қазіргі уақытта спортқа, оның ішінде боксқа қызығушылық танытқан жастар артып келеді. Осыған қарап болашақтың жарқын болатынына кәміл сенімдімін. Еліміздің еңсесін көтеріп, намысын қайрайтын сіздерсіздер. Жеңіске жетемін деп талпынудың өзі жеңіс. Алдағы уақытта олимпиада тұғырынан көреміз деп үміт артамыз. Сәттілік! – деді Біржан Кенжеболатұлы.

Қалалық ашық біріншілікке Приозерск, Жезқазған, Сәтбаев қалаларымен қатар Жәйрем кентінің спортшылары қатысты. Барлығы 181 боксшы бақ сынасқан турнир өз мәресіне жетіп, үздік өнер көрсеткен спортшылар марапатталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.