Қылмыстық құқықбұзушылықтар түсіндірілді

Өткен аптада қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң алдындағы негізгі міндеттерін таныстыру мақсатында кездесу өткізілді. Жиынға мектеп инспекторлары мен ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Кездесуге аталған білім ордасының жоғары сынып оқушылары қатысты. Кәмелет жасына толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу шарасы барысында сөз алған аталмыш оқу орнының инспекторы Медет Сейтмағанбетов қылмыстық бұзақылықтар туралы әңгімеледі.

– Әрбір жасөспірімге мемлекетіміз үлкен ерік-жігерге, арман-мақсатына ие қоғам мүшесі ретінде қарайды. Келешектің кемелді болуына жағдай жасайтын да сіздерсіздер. Үміт артып отырғаннан кейін оны ақтау керек. Заңның алдында барлығы бірдей болатынын ескере отырып, бұзақылық жасамау, қоғамдық тыныштықты сақтау міндет етіледі. Кәмелет жасына толмағандардың арасында ұсақ бұзақылықтың өзі әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Ата-анасына белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады. Сондықтан, қоғамдық тәртіпті сақтау әрбіріңіздің міндетіңіз – деді мектеп инспекторы.

Кездесуде түрлі құқықбұзушылықтар туралы айтылып, осыған қатысты заңның бірқатар баптары түсіндірілді. Кешкілік уақытта жүрмеу, көшеге қоқыс тастамау, темекі және алкогольдік ішімдіктерді пайдаланбау туралы ескертіліп, оның тигізер залал тұстары төңірегінде ой өрбітілді.

Комментарии закрыты.