Республикалық форум

Қарағандыда «Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» атты республикалық форум өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге алған жиынды ұйымдастыруға Қарағанды облысы әкімдігі ұйытқы болды, деп хабарлайды 24.kz сайтының тілшілері.

Форумға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, қоғамдық-саяси және діни салалардағы республикалық деңгейдегі сарапшылар қатысты.

Одан кейін Қарағанды облысы әкімдігі мен Мысырдың «Нұр-Мүбәрәк» университеті арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

– Бүгінгідей шараның жастар үшін маңызы зор. Бұл оларды рухани тәрбиелеуге жол ашады. Сонымен қатар, ислам жолы мен ұлттық тәрбиенің маңызын үйретуде зор рөл атқарады, – дейді «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Жуда Абдулгани Басюни.

Облыс басшысы өз кезегінде Египет ислам мәдениеті университеті өкілдерімен алдағы жоспарларымен де бөлісті. Болашақта жергілікті қазынадан арнайы бөлінетін қаражат арқасында жыл сайын 10 теолог маман аталған оқу ордасында білімдерін шыңдайтын болады.

– Бес жылда Қарағанды облысын жас теологтармен толық қамтамасыз етеміз. Біз сіздің университетіңіз сапалы білім беретін жақсы мамандар дайындайтынын білеміз. Болашақта бірігіп, осы жұмысты жолға қоямыз деген сенімдемін, – деді кездесуде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Форум барысында Қарағандының жоғары оқу орындарының студенттеріне шетелдік мамандар семинар-тренингтер өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, қонақтар облыстық өлкетану музейін аралап, Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Сөз атасы – бірлік» атты Жайдарман фестиваліне қатысты. Шара соңында «Қазыбек би» қойылымын тамашалады.

Комментарии закрыты.