Комиссия мүшелері емдеу мекемелерінде болды

Өткен бейсенбі, жұма күндері қалалық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Серік Имамбай, қалалық әкімдік жанындағы әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Гүлмира Таңсықбаева, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Майра Жаппасбаева Жезқазған аймақтық туберкулезге қарсы диспансерін, Жезқазған қалалық наркологиялық диспансеріне қарасты уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығын және «Лекерова», «Табанова» «Ахметова», «Қожахметов» ЖШС отбасылық дәрігерлік амбулаторияларды аралап, сенім жәшіктерін тексеріп, мекемелердің жұмысымен танысты.

Бүгінгі таңда 180 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар Жезқазған аймақтық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Аманкелді Несіпбаев комиссия мүшелерін атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, шешілмей жүрген мәселелерін ортаға салды.

Диспансерде бес бөлімше, атап айтқанда хирургиялық, үш терапиялық және балалар бөлімі жұмыс істейді. Және мәжбүрлі емдеу бөлімшесі бар. Комиссия бірінші қабатта және бөлімшелерде орналасқан партиялық бақылау комиссиясының сенім жәшігіне келіп түскен арыз-шағымдармен танысты.  Сенім жәшігін ашуда қателіктердің орын алғаны байқалды.
Серік Сағынатұлы нысанның қорғалуы, яғни күзеті  жайлы да мағлұматтарды сұрастырды. Жақында емханада  орын алған өрескел құқық бұзушылықтан соң тендерді жеңіп алған Қарағанды қаласының «Сұңқар» қорғау қызметі  мұнда тәртіпті күшейткен.

– Диспансерде 38 маман жұмыс істегенімен, мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Медициналық көлікті де жаңарту керек. Сыртқы қоршаулардың сапасы сын көтермейтіндей халге түскендіктен облыстық денсаулық сақтау басқармасына көмек беруін сұрап хат жолдағанымызбен нәтиже болмай отыр. Осыған қала басшылығы тарапынан болсын, партия тарапынан болсын көмек болса, – деген тілегін жеткізді бас дәрігер. С.Имамбай мәселені шешу жолында мүмкіндіктерді қарастыратындығын айтты.

Одан кейін топ жуырда ғана  қайтадан ашылған Жезқазған қалалық наркологиялық диспансеріне қарасты уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығының тыныс-тіршілігіне көз жеткізіп қайтты. Білікті дәрігер Ералы Құлашев меңгерушілік ететін бұл орталық ішкілікке салынған азаматтарды айықтырумен айналасады.  Бір ауысымда 5 маман еңбек етеді. Мастарды айықтыру үшін арнайы бөлмелер жасақталған. Бұл жерде орташа және жоғарғы деңгейде ішіп түскен азаматтарға айықтыру шаралары жасалып, улану қаупі болса Жезқазған қалалық наркологиялық диспансеріне жіберіледі. 4 бейнебақылау қондырғысы орнатылған.

Орталықта тәртіпті сақтау үшін қарағандылық «Достық» қорғау қызметінің күзетшілері жұмылдырылған. Дәрі-дәрмектермен Жезқазған қалалық наркологиялық диспансері қамтамасыз етеді.

Орталықтың меңгерушісі Ералы Көшенұлының айтуынша, жағдай бір қалыпты, еш мұқтаждық жоқ. Нысанда сенім жәшігінің жоқтығына ескерту айтқан топ, тез арада жәшікті орнатуды тапсырды.

Жұма күні осы топ №2 «Лекерова», №4 «Табанова» №5 «Ахметова», №6 «Қожахметов» отбасылық дәрігерлік амбулаторияларда болып, арыз-шағым кітапшаларын көтеріп, сенім жәшіктерін ашып, емделушілермен сөйлесіп, амбулаториялардың жай-күйімен кеңінен танысты.

Тексеріс барысында №2 «Лекерова» ОДА-ның тері-венерологиялық кабинетінің жұмысына келіп түскен арыз-шағым бойынша дәрігермен  әңгіме жүргізілді. Басқа ОДА-ларда мұндай жағдай байқалған жоқ. Арыз-шағымның жоқтығын біз жақсылыққа баладық. Топ отбасылық емханалардағы күндізгі емдеу стационарының жұмысы жүйелі жүріп жатқанына көз жеткізді, науқастармен тілдесті. Олармен сұхбат барысында ақ халаттылардың атына ешқандай арыз-шағымдар айтылған жоқ. Тексерушілер тарапынан тек кейбір емханалардағы хабарландырулар мен көрсеткіштердің орыс тілінде екендігі жөнінде ескерту айтылды.

Аталмыш төрт ОДА-ның ішінде өзінің жұмысымен көңілден шыққан №6 «Қожахметов» ЖШС отбасылық дәрігерлік амбулаториясы болды. Мұнда емделушілерге барлық жағдай жасалған. Білікті басшы Мағзұм Қожахметов басқарып отырған бұл отбасылық дәрігерлік амбулаторияны шағын емхана десе болатындай.  Физиоемдердің 5-6 түрі, оның ішінде кейбір үлкен емханалардан таптырмайтын парафинмен емделуге толық мүмкіндік бар екенін көріп қуандық.

Келушілерге күту залында отырып республикалық, облыстық, аймақтық басылымдарды оқуға, теледидар көруге, дем басуға жағдай жасалынған. Емделушілермен  әңгіме өткізу үшін, кішкентай балаларды емдеу, егу жұмыстарынан кейін тыныштандырып, ойнату үшін жеке бөлмелер бөлінген. Балалармен жұмысты әлеуметтік медбибі Наталья Пахарукова жүргізеді.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері бұл амбулаторияның жұмысының да, жағдайының да жоғары екенін қуантарлық жағдай деп бағалады.

Тексеріс барысында ОДА-ның бас дәрігерлері топ мүшелеріне рентген аппаратының жетіспеушілігі қиындық туғызып отырғандығын айтып, осы мәселенің шешімін табуға ықпал етуді сұрады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.