Қыздармен кездесті

Қала әкімі жанынан құрылған Аналар кеңесі алға қойған жоспарларына сай жұмысын жалғастыруда. Соның бірі – №3 білім ошағында өткен «Қыз – өмірдің гүлі» атты дөңгелек үстел.

Мектептің 8-11 сыныптарының қыздары мен Аналар кеңесі мүшелерінің арасындағы кездесуді «Қызғалдақ» қыздар клубы ұйымдастырды. Клуб жетекшісі – директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Рсалды Қуанбекова қатысушыларды пікір-сайыстың мақсатымен таныстырды.
Негізгі тәрбие отбасынан десек те, балаға сапалы білім мен саналы тәрбиемен қатар, қанатын қатайтатын, болашағына бағдар беретін – мектеп. Сондықтан да мектеп қабырғасында, әсіресе, қыздарға қатысты іс-шаралардың өтіп тұруы артық етпесі анық.
Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа баулуда, ұлттық құндылықтарымызды бағалап, сақтауға бағытталған отырысты мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлжанат Бектұрсынова жүргізді.
Пікір алмасу «Қыз бұзылса ұлт бұзылар», «Қазақ қызы қайда кетіп барады?» және «Қызға қырық үйден тыю» атты үш бағытта өрбіді. Әр тақырып видеороликтер арқылы толықтырылып отырды.
Аналар кеңесінің мүшесі М.Жаппасбаева, Г.Гатиятова қазақ қыздарына тән асыл қасиеттер мен әйелдердің қоғамда алып отырған рөлі жайлы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, қыздар туралы мақал-мәтелдердің мән-мағынасын тереңінен талқылап, нәзік жандарға арналған жыр жолдары оқылды. Әңгімеге оқушылар аса белсенділікпен араласумен қатар кейбір замандастарының бойынан көрініп қалатын жаман әдеттер жайлы қынжыла жеткізді. Әсіресе, Ақниет, Шұғыла, Айым, Айәсем, Жангүл сынды оқушылар қызу пікір таластырып, өз деңгейлерінің жоғары екендігін, өмірге деген дұрыс көзқарастарын таныта білді.
«Қыз намысы – ұлт болашағы» деген аталы сөзбен ойын түйіндеген Гүлжанат Бектұрсынова қатысушыларға алғысын білдіріп, алда әлі де кездесу жалғасын табатынын айтты.

Майра Смағұл,
кеңес мүшесі.

Комментарии закрыты.