Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің

Өткен аптада С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында «Қыз – өмірдің гүлі» тақырыбында танымдық сабағы өткізілді. Құрметті қонақ ретінде шақырылған қалалық Аналар кеңесінің мүшелері қыз балаларға өздерінің ақыл-кеңестерін жеткізді.

Алдымен топтарға бөлінген жеткіншек қыздарға аталған тақырыпты ашу үшін қағаз бен түрлі түсті қарындаштар ұсынылды. Оқушылар нәзік жандылардың қоғамдағы атқарар рөлі турасында суреттер салып, оны кеңінен түсіндірді.

Жиынға қатысқан Аналар кеңесінің мүшесі Гүлмира Таңсықбаева әрбір қыздың қоғамдағы алар орны туралы әңгімеледі.

– Қыз балаларды нәзік жандылар деп тегін айтпайды. Оның тәрбиесіне кез келген шаңырақта үлкен мән беріледі. Дей тұра, әрбір әйелдің көтерер жүгі ауыр екендігіне көз жеткіземіз. Өмірге бала әкеледі, өсіреді. Бұл – өмірдің заңдылығы. Осында отырған әрбіріңіз қоғамның толық мүшесісіздер. Ұрпақтың сауатты, саналы, болашақтың жарқын болуы сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, қазірден бастап тәлім-тәрбиенің жақсы үлгісін көрсетіп, мол білім алу қажет. Ата-ананың үкілеген үміті, сіздерге, еліміз де үлкен сенім артады, – деді Гүлмира Өміртайқызы.

Сабақ барысында кеңес мүшелерімен қатар жиынға қатысқан оқушылар да өздерінің ойларын ортаға салды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ

Комментарии закрыты.