Тың ұсыныстар түрілген отырыс

Өткен аптаның соңын ала қаламызда Азаматтық бастамалар күні өткізілді. Бұл күні халық арасында бастамашыл және белсенді азаматтармен кері байланыс ретіндегі ұсыныс-пікірлері қаралды. Тың жобалар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылмақ.

Жастар ресурстық орталығында өткен жиынға Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев, жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Күлбай қатысты.

«Рухани жаңғыру» – мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның біріге жұмыс жасауына, кәсіпкерлер қосынының ауқымды жобаларды іске асыруына бағытталған бағдарлама. Азаматтық бастамалар күнінде көтерілген мәселе, ұсыныс, пікірлер тыңдаусыз қалған жоқ.
Сондай тың жобаны ортаға салғандардың бірі Қымбат Әбдуәлиева болды. Ол – қаламыздағы «Шаңырақ» дағдарыс орталығының төрайымы. Жас кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдіріп, дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі дамыту ұсыныстарын жеткізді.

– Біздің орталық тікелей қалалық ішкі саясат бөлімінің қаржыландыруымен жұмыс жасап келеді. Сіздерге айтар жаңалығым бар. Көптеген жобаларымды халықаралық ұйымдарға да ұсындым. Сол жобалардың бірі қолдауға ие болды. 4 мың доллар көлемінде грант ұтып алдым. Енді осы грант негізінде орталықта оқу сыныбын ашамыз. Бізден көмек сұрай келген әйелдердің 20-сы осында тегін оқу арқылы арнайы сертификат ала алады. Одан кейін біз олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасаймыз. 1 қарашадан бастап жобаны іске асыратын боламыз. Бұл, әрине үлкен жетістік. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау болмаса, халықаралық деңгейге де шыға алмас едік, – деді кәсіпкер.

Ұсыныстар легін жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Күлбай жалғады. Оның сөзінше, қаламыздың өнерпаз жастарын қолдауға мүмкіншілік жоқ. Сол себепті, көлемді жарыстар ұйымдастыру керек.

– Шаһарымызда өнерлі жастар өте көп. Бірақ, сол өнерін танытуға мүмкіндік аз. Қазіргі уақытта еліміздегі түрлі жарыстарға жерлестеріміз қатыса алмай отыр. Қаражаттың тапшылығына байланысты қиыншылықтар туындайды. Сол себепті республика көлеміндегі байқауларға қатысу үшін қалалық, аймақтық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруды ұсынамын, – дейді Нұрболат Күлбай.

Қаламыздағы достық үйінің директоры Гүлназ Гатиятова этномәдени бірлестіктер бас қосатын ортақ фестиваль өткізу туралы ойын білдірді.

– Бүгінде қаламызда түрлі ұлт өкілдері тұрады. Көпұлтты елдің болашағы оның бейбіт өмір сүруінде. Ал сол бейбітшіліктің айқын көрінісі өзге халықтардың өзара ымырашыл, бауырмашылдығында. Сол себепті мен үйіміздегі этномәдени орталықтарды біріктіріп, көлемді этнофестиваль шарасын ұйымдастыруды ұсынамын. Сол арқылы ұлттық ойындарды қайта жаңғырта отырып, бірлестіктердің бірігіп жұмыс жасауына жағдай жасай аламыз, – деді ол.

Өз кезегінде құрметті қонақтар осы және бұдан өзге ұсыныстарды алдағы уақытта сәйкесінше іске асыру тетіктерін қарастыратындықтарын жеткізді.

– Қазіргі уақытта Елбасымыздың ауқымды ұлттық жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жобалар іске асырылып, мемлекет пен жекелей серіктестіктің даңғыл жолы ашылды. Сіздердің ұсыныс-пікірлерініңіз біз үшін маңызды, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев жиынды қорытындылай келе.
Осылайша, тың ұсыныстар түрілген отырыстан үміт қылғандар тоғайған көңілмен тарқасты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.