Амангелді Бұқар жыл мұғалімі атанды

Ұстаз – әр оқушының шамшырағы, білім нәрін сеуіп, саналы азамат ретінде қалыптастыратын маман иесі. Әр шәкірттің жетістікке жетуі үшін аянбай тер де төгеді. Баланың бағы жанса, балаша қуанатын ардақты жан. Талапшыл болуға талпындыратын ұстаздар бұл жолы өздері бақ сынасты.

Жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына ағылған жұрттың санында шек жоқ. Шоқ-шоқ гүл құшақтаған ұстаздар мен оқушылардың қарасы қою. Залда ине шаншыр орын болмады.

Айта кету керек, «Жыл мұғалімі-2017» қалалық байқауына алғашында 15 қатысушы тірелген еді. Олар қазан айының 17-сі мен 25-і аралығында Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің қабырғасында байқаудың шарттарына сәйкес танымды сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізген болатын. Солардың сегізі ақтық мәреге іріктеліп, қала деңгейінде өзінің лайық екендігін көрсетуге мүмкіндік алды.

Байқау басталысымен жарыстың екінші кезеңіне өтіп, үздік өнер көрсеткен 5 ұстазға арнайы сертификат пен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Финалға жолдама алған мұғалімдер 3 кезең бойынша бақ сынасты. «Педагогтің визиттік карточкасы» шығармашылық байқауында әр қатысушы өзін кеңінен таныстыруға мүмкіндік алды. «Ашық микрофонда» білім жүйесіне енгізілген өзгерістер туралы көзқарастарын кеңінен тарқату үшін жасырын сұрақтарға мүдірмей жауап беру көзделді. Ал, үшінші кезең – «Мұғалімнің демалыс күні». Мұнда үміткерлер демалыс күнін қалай өткізетіні туралы бейнероликтер мен көріністер көрсетті.

Қаламыздың ең үздік мұғалімін анықтау үшін шақырылған әділқазы алқасының мүшелері қатарында Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук, қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева, ардагер ұстаз Мереке Байбекова болды. Олар үміткерлерді барлық қырынан тануды, үздік оқытушы екендігін анықтауды басты назарға қойды.

Байқау қорытындысы бойынша, жыл мұғалімі атағына С.Сейфуллин атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангелді Бұқар лайық деп танылды. Оған диплом мен 50 мың теңгелік ақшалай сертификат табысталды. Жүлделі 1 орынды №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Мәди Досанов алса, 2 орынды №14 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Инна Мосунова иеленді. 3 орын Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Раушан Болсамбековаға бұйырды. Сонымен қатар, мәреге шыққан мұғалімдер құр алақан қалған жоқ. Оларға да номинациялар мен сертификаттар табысталды. «Жас ұстаз» болып №27 мектептің математика пәні мұғалімі Жандос Дүкенбай танылса, «Ең үздік сабақ» номинациясы №16 мектептің химия пәнінің мұғалімі Айнұр Хамзинаға бұйырды. «Ең үздік үй тапсырмасымен» №5 мектептің денешынықтыру мұғалімі Серік Жұматаев марапатталса, №19 мектебінің орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Гүлжан Мизамбаева «Ең үздік сыныптан тыс іс-шара» номинациясын иеленді.

Осылайша, ұстаздар «Ұстаз – ұлы есім» деген нақылдың ұлылығын ұғындырды. Оған кешті қызықтаған көпшілік куә.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.