Өркендеудің өрескел кеселі

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдылықты белгілеп берді.

Бұл бес негізгі басымдылық еліміздің дамуының барлық салаларын қамтиды, соның ішінде заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған. Бұл құжатта маңыздылығы жөнінен айрықша көтерілген мәселе – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні айдан анық.
Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі, бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Елбасының мемлекетіміздің тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да, жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», — деген жұртшылықтың пікірімен үндескендей. Әр адам өзінің құқығын жіті меңгеріп, хабардар болса, жемқорлыққа жол берілмейтіні хақ.
П.Қасымбекова,
№33 «Күншуақ» бөбекжай балабақшасының қазақ тілі маманы.

Комментарии закрыты.