Құрыш қолды құрылысшылар

Қай кезеңде болмасын құрылысшы аса қажетті мамандықтың бірі ретінде саналып келеді. Жаңа ХХІ ғасырда алып құрылыс қарқын алып, әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп ошақтары бой көтеруде. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде құрылысшыларға деген сұраныс артып, бұл мамандыққа жастар да көптеп келіп жатыр. Біздің аймақта құрылыс-жөндеу жұмыстарын «Қазақмыс» корпорациясының құрылыс-монтаж тресі атқарып келеді. Осы треске қарасты Сәтбаев қалалық құрылыс алаңының құрылысшылары өздерінің төл мерекелеріне мол табыспен келіп отыр.

1996 жылғы 1 сәуірде «Өндірісқұрылыс» базасының негізінде құрылып, Сәтбаев жөндеу-құрылыс басқармасы болып іске кіріссе, 2003 жылдың  1 маусымынан бастап құрылыс алаңы ретінде жұмыс істеп келеді.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында  монтажшы, электр және газбен дәнекерлеуші,  сылақшы-сыршы, ағаш шебері, тас қалаушы, бетоншы, инженер-техник, жалпы саны 226 адам қызмет етеді. Алаңның басшылығын жуырда ғана алған Қанат  Алыпқашовтың бұл саладағы еңбек өтілі 30 жылға таяу. Техникумды бітірген бетте «Қазақмысқұрылыс» тресінде қарапайым құрылысшы болып еңбек жолын бастаған. Одан кейін, осы алаңның басшысының орынбасары болған Қанат Байшолақұлы өз ісіне шынайы берілген жан.

Алаңның құрамында 4 учаске бар. Білікті мамандар Төлеген Мақышев №1,  Мұхит Сейтқазинов №2, Анатолий Панфилов №3, ал Ирина Зайцева №4 учаскеде басшылық жасайды.

Құрылыс алаңы ірі көлемдегі құрылыстардың бел ортасында жүр.  Басқарма болып құрылған кезден бастап, бүгінге дейінгі аралықта алаңның құрылысшыларының көмегімен №73,75 шахта, «Итауыз» карьері, «Дарис» тіс емдеу орталығы, орталық мешіт,  Жомарт кенішінің кешені, Степной кенішіне қарасты №67 шахта, Спорттық-сауықтыру кешені, №16 қазақ орта мектебі, Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы шіркеулер, Сәтбаев қалалық емхана, ауыр салмақты автоқотарғыштар мен қуатты кен тиеу қондырғыларының тозған дөңгелегін қайта қалпына келтіретін «МысШина» зауыты бой көтерді. Сондай-ақ, алаңның құрылысшылары Жезқазған қаласының құрылыс нысандарына да өз қолтаңбаларын қалдырды. Былтыр бой көтерген №30 балабақшаның бүлдіршіндерге есігін айқара ашуға көмегі тисе, Металлургтер алаңын жезқазғандықтардың демалып, серуендейтін жеріне айналдыруға атсалысты. Мұражай мен субұрқақтың бой  түзеуіне қатысты.  Мұндағы құрылысшылар жылда «Орлёнок»  санаториі мен қаладағы балабақшаларды, өндірістік нысандарды, қаладағы жылу қазандықтарын жөндеуден өткізіп беріп тұрады.  Құрылыс алаңының құрылысшыларына сұраныс өте жоғары. Олар Балқаш қаласындағы Мырыш зауыты мен Күкіртқышқылы цехының, Нұрқазған кенішінің құрылысына, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентіндегі ет кешені мен тері өңдеу зауыттарының құрылысына да араласты. Алаң құрылысшыларының  Көпкөл, Барақкөл, Кененбай және Ұлытауды демалыс аймағына айналдырудағы еңбектері өлшеусіз.

Сол еңбектері үшін де алаңның ұжымы бірнеше мәрте Алғыс хаттармен марапатталған.

Аймақтағы барлық құрылыс алаңдарының қай-қайсынан болмасын осы алаңның жұмыскерлерін кездестіресіз. Мұнда мамандығының майын ішкен озаттар бар. Григорий Рябоконь, Анатолий Панфилов, Сапар Қуантаев, Елена Кучма, Досбол Үсейнов, Аманжол Сәрсенбеков, Нұрлан Шегебаев,  Арқабай Аманов, Абдіқапар Идрисов, Юрий Горбатов, Сергей Мантыков, Галина Филиппова,  Батырбек Садықов, Медет Нұржанов, Клара Кеңгірбаева, Кайырғали Мұхамбедин, Любовь Сулейменова, Елена Чурилова, Людмила Лютова және тағы басқалардың еңбектері өлшеусіз. Алаңның кәсіподақ комитетінің төрайымы Әдебия Бралинаның айтуынша жұмыскерлер «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы ұйымдастыратын әртүрлі мәдени, спорттық іс-шараларға белсене атсалысады.  Сондай-ақ, оларды көтермелеу, мерекеде құрмет көрсету басты дәстүрге айналған. Биылғы мереке қарсаңында №4 учаскенің бригадирі Д.Үсейнов ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медаліне, №3 учаскенің тас қалаушысы Г.Рябоконь  «Еңбегі сіңген құрылысшы» медаліне ұсынылып отыр. Оларға құрмет көрсету рәсімі 12 тамыз, жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтеді.

Алаңның жұмыскерлері қазіргі кезде  Анненск кенішін,  қалалық моншаны, №2 оңтүстік жылу беру қазандығын, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайын, шіркеуді жөндеу жұмыстарымен айналысуда.

Ирина Зайцева басшылық жасайтын №4 учаске №2 оңтүстік жылу беру қазандығын қысқы маусымға дайындау үстінде. Басқарушы прораб Жетпіс Қожамқұлов жетекшілік ететін бұл учаскеде 30 жылдан артық еңбек етіп келе жатқан құрылысшылар Мұқан Дәрібаев, Александр Осачий, Мұхаммедия Ахметов, Искаков Төлеу еңбек етуде. Жетпіс Қожамқұловтың да саладағы жүріп өткен жолы мамандыққа бет бұрған әр жас маманға үлгі.

– Ел экономикасының қарыштап дамуымен қатар құрылыстың да қарқын ала бастағанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Құрылыстың қарқынды жүруінде жүйелі жұмыс атқарылмаса еңбегіңнің де нәтижесі болмайды. Жақыны Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау және т.б. ірі қалалар мен басқа да облыстарда еңбек етіп келе жатқан біздің алаңның құрылысшы жігіттері мен қыздарының еңбегі ештеңемен өлшенбесі анық. Құрылыс мамандығына бет бұрған жастар да көп, – дейді  Д.Үсейнов.

Алаңның құрылысшылары күрделі жөндеу жүргізіп жатқан нысанның бірі  – қалалық монша. Мұнда алдыңғы қатарлы аға буыннан аға шебер Шортанбай Тілеубаевтан,  аға бетоншы Қайрат Құдаймендиевтен, тас қалаушы Григорий Рябоконьнан, компрессоршы Әлім Макишовтан жас мамандар – ағаш шебері Қайрат Балиманов, сылақшы-сыршы Дінмұхаммед Дүйсенбаев, дәнекерлеуші Алмас Махамбетов үлгі алып, мамандықтың қыр-сырына қанығып жүрміз дейді.

Жылда кеншілер мерекесі қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайын жөндеуден өткізуді басты міндеттеріне айналдырған алаң құрылысшыларынан сылақшы-сыршылар Ольга Карасева мен Гүлмира Тілеубаеваны кездестірдік.

Заманның талабына сай, мүддеден шыға алатын нысандардың бой көтеруіне, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар мамандардың қатарынан табылатындардың бірі – осы құрылысшылар. Сапалы жұмыстың әрқашанда сын көтеретіні шындық. Олай болса, қаланың құрыш қолды құрылысшыларын төл мерекелерімен құттықтап дендеріне саулық, жұмыстарына сапа мен табыс тілейміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.