Діни сауатсыздық – діни экстремизм бастауы

Өткен аптада қаламыздағы жастар ресурстық орталығында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары» тақырыбында жастармен кездесу өткізілді. Келелі жиынға Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университетінің оқытушысы, теолог Жандос Нығыман және Қарағанды облысы жастар мен балалар ұйым одағының төрағасы Жомарт Әбішов қатысты. Мәртебелі меймандар діни алауыздық төңірегінде ой өрбітіп, діни сауатты болуға шақырды.

Жиынды жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Күлбай жүргізіп отырды. Алғаш болып сөз алған жастар мен балалар ұйым одағының төрағасы Жомарт Әбішов еліміздің зайырлы мемлекет болып танылуын және дін негіздерін қоғамнан бөліп қарауға болмайтынын түсіндірді.
– Дін мәселесі – өзекті мәселе. Еліміз тәуелсіздік алған тұста танымымызға жат ағымдар көптеп кіріге бастады. Мемлекет тарапынан жіті бақылау жүргізілмегендіктен, дінге қайшы әрекеттер саны көбейді. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін еліміз көңіл бөліп отыр. Діни сауатты болу осы тосын келген қатердің алдын ала алады. Жастарға діни білім тиісті деңгейде берілуі керек. Ең бастысы, біздің мемлекетіміз зайырлы екендігін естен шығармағанымыз абзал. Дін принциптерін басты назарға алып қарағандықтан, түрлі түсініксіз жағдайлар орын алуда. Дін ешқашанда қоғамнан ажырамауы керек. Қоғамнан ажыраған дін оны құрдымға алып барады. Сондықтан, біздің негізгі идеямыз – жастарға ақпарат беру, кеңес айту.
Ал, теолог Жандос Нығыман болса, діни экстремизм төңірегінде толыққанды дәлелдер келтіре отырып кеңінен әңгімеледі.
– Қазіргі уақытта өз балаларына мешітке баруға рұқсатын беріп, «байқа, абайлап жүр» дейтін ата-аналарды естіп білеміз. Бұл, әрине, қорқыныш сезімінен, бірақ олай деудің өзі дұрыс емес. Себебі, ниет танытқан мұсылман намаз оқыса не үшін оқитынын, оның неден нәр алатынын түсінуі тиіс қой. Құлшылығын бүгін бастап, ертең тастап кететін шаласауаттылар да бар. Дінді білмеуден діни экстремизм шығады. Бірақ, мынаны ұғып алыңыздар. Таза дінде экстремизм жоқ, – деп, құлшылық үшін қоғамнан алшақтау жүретіндерді сөз етті.
– Экстремизм ол шектен шығу, тайыну. Зайырлы экстремизм деген ұғым қалыптасқан. Мұнда дінді жек көрушілік, дін жолындағы адамдарды қуғынға ұшырату сынды астыртын әрекеттер жүзеге асырылады. Діні дүдәмалдау,танымы таяз азаматтар шетін көзқарастарды негізге алып теріс жолға түсіп отыр. Мұның барлығы әрине, діни сауаттың жоқтығынан, – деді теолог Жандос Әшімұлы.
Кездесу соңында жиынға қатысқан жастар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,

Комментарии закрыты.