Қазақтың Кетбұқасына ескерткіш қойылды

Кешегі зар заманда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған бабалар аз болған жоқ. Солардың бірі – «Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда» деп Доспанбеттер сағына аңсаған Кетбұқа бабамыз. Сол Кетбұқадай ұлы тұлғасын бүгінгі ұрпақтары ұлықтап жатыр. Кенді өлкеде қазақтың Кетбұқасына ескерткіш орнатылды.

Жарты әлемді жаулаған Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының өлімін бір ауыз сөзі мен күйі арқылы естірткен Кетбұқаға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы драма театр әртістерінің сахналанған көрінісінен басталды. Қала жұртының қуанышына Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та ортақтасып, жылы лебізін білдірді.
– Бүгін – тарихи күн. Ұлттық құндылықтың жаңғыру күні. Қазақ елінің құндылығы ол біздің өткен тарихымыз, алдымыздағы ұлы мұратымыз, ол біздің бабаларымыз. Ұлы тұлғаларымызды дәріптемей, терең тарихымызға үңілмей жарқын жетістіктерге жетпейміз. 800 жылдан бері өзінің лайықты бағасын ала алмай келген бабамыздың бейнесін сомдап осы шаһардың дәл ортасында орнатып отырмыз. Зерттеп-зерделей келе, Кетбұқа масштабының бір ғана күймен шектелмейтінін біліп отырмыз. Қуаныш құтты болсын!, – деді облыс басшысы.
Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің белгілі тарихшы-ғалымдары, жергілікті басшылық өкілдері қатысты. Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, «Халық қаһарманы» атағының иегері Мұхтар Алтынбаев ескерткіштің ашылуын тарихи оқиғаға балады.
– Кетбұқа бабамыз түркі елдеріне ортақ тұлға. Тозған елді тірілтіп, тоғыз таңбалы ел дәрежесіне жеткізген бабамыз тоғыз түрлі ұлысқа тоғыз таңба үлестіргені белгілі. Қазақ даласында сақталған аңыздарда «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты. Оның халықаралық деңгейдегі ірі батыр, әскери қолбасшы, ержүрек сардар екендігі айтылады. Бүгінгі тағылымы мол іс-шара ұлықтаудың нақты айғағы деп білемін, – деді Мұхтар Қапашұлы.
Кетбұқа ескерткішін ашу құрметіне Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен мемлекет қайраткері Мұхтар Алтынбаев ие болды. Ашылу салтанатынан соң жергілікті жұртшылық ұлықтаған бабасының алдында тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,

Комментарии закрыты.