Шырқалды Шәмші әндері

Жүректі тербеп, жаныңа ләззат беретін Өткен жұма күні шынболат Ділдебаев атынедағы Кеншілер Сарайында сәтбаевтықтар тамаша ән кешінің куәгері болды. Сахна төрінен қазақтың саз өнерінің шоқ жұлдыздарының бірі, «ән падишасы», «вальс королі» атанған Шәмші ағамыздың жарқын бейнесі орын алса, оның әсем әндері тамылжыта төгіліп, бейнетаспадан сазгердің, ескерткіш болып бізге жеткен суреттері көрсетіліп жатты. VІІІ-ші қалалық «Саған арнаймын, әсем қалам» фестивалінің аясында өткізілетін Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаушылар дәстүрлі байқауы осындай ерекше, сәнділікпен, толғаныс сәттерімен басталды. Ән кешінің шымылдығын жүргізушілер Дина Сәдірбекова мен Жұмабек Айымтоин «Шәмші аға» әнімен ашып, сахнаға байқауға қатысушылар жұптары шықты. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі – Шәмші әндерін орындауға сахна төріне жүрексінбей «нар тәуекел» деп шығып отырған қаламыздың жас буын әншілері мен республика көлемінде өнер көрсетіп, аймағымыздың ән өнерін халыққа паш етіп жүрген майталман әншілердің жұп болып көрермендер алдында өнерлерін көрсетуінде болды. Байқаудың басты мақсаты да жастарымыздың бойында ұлттық ерекшеліктер мен қасиеттерді қалыптастырып, Шәмші әндерін жас ұрпақтың бойынша сіңіре отырып, ұрпақ жалғастығы арқылы оның әндерін келер жас буынға насихаттау. Ән сайысының биылғы жылдағы ерекшелігі осы мақсатта туындап отыр. Зоя Иманбаева, Ақбөпе және Мұрат Сейтеновтер, Айгүл Күлшікенова, Нығметжан Молдағалиев, Жамал Омарова секілді өнер иелерімен қоса, осы аға-апаларына еріп, жұптас болып ән салған Зұлхайнар Сүлейменов, Дариға Жүнісова, Айдана Кирбетова, Рәтбек Асқап. Нәзира Асқар, Рауан Болатбек, тағы басқа да талантты жас әншілер осы кештің сәні мен нәрі болды. Мүмкін осы жас өнерпаздар майталман аға-апаларына кей-кезде ере алмай да жатқан болар, бірақ олардың бойында талпыныс пен құлшыныс, Шәмші аға әндерінің құдіретін түсінейін деген талап болды. Ал, жастайынан «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Әнім сен едің» басқа да Шәмшінің әсем әндерін жүректерінен өткізіп, сол әндердің құшағында талай вальс билеген аға буын өнер иелерінің бұл күнгі шабыты да ерекше, көрермендерді қуантар сәттері де мол болды. Тау бұлағындай таза әуенімен халқының мерейін қандырған, әннен әсем мүсін құйған тамаша талант иесі, ғажайып әндерімен жастарды махаббат бесігінде тербеткен Шәмші ағаның жұлдызы бұл күні ерекше жарқырады. Аса биік патриоттық сезіммен жазылған «Менің Қазақстаным» көп жылдан кейін Ел Ұранына айналған сазгердің өнері халық қазынасы, қазақ өнерінің қаймағы. Осы байқауға қатысқандар да, оны тамашалаған қауым да бұл ән кешінен үлкен ләззат алып, ұмытылмас сәттер мен жанды жадыратар жайсаң көңіл, ыстық сезім құшағында болды. Дәстүрге айналған қала басшылығы мен Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне айтар алғысымыз да ықыласымыз да мол. Байқау болғасын оның жеңімпаздары да болады. Құрамында қазылар алқасының төрайымы – Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева, «Нұр Отан» ХДП-сы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Б.Ақышбеков, Сәтбаев қаласы мәслихатының депутаты – И.Бралин, Сәтбаев қаласы білім және спорт бөлімінің бастығы Ш.Қ.Жанасылова, «Шарайна» газетінің бас редакторы М.С.Жаппасбаев, Сәтбаев қаласының балалар өнер мектебінің хор жетекшісі Л.М.Гребенниковалар бар қазылар алқасы өз қорытындысын шығарды. Құттықтау және марапаттау рәсімі алқа төрайымы – қала әкімінің орынбасары М.С.Мәдиеваға берілді. Қазылар алқасының ұйғарымымен республикаға танымал, аймақтық, бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, «Байқоңыр дауысы», «Ұлытау үні» фестивальдарының бірнеше дүркін жүлдегері күміс көмей әншіміз Зоя Иманбаева шебер орындаушы ретінде аталып өтілді. «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігі №3 байыту фабрикасының жұмыскері нығметжан Молдағалиев қазылар алқасының арнайы ақшалай сыйлығына ие болса, Әшім Мұхамбетәлі мен Назым Достаева көрермен көзайымы атағымен аталып өтілді. Ал, жеңімпаздарға келсек, жүлделі үшінші орынды талантты сазгер-әнші Ерік Асанов пен жас әнші Нәзира Асқар (№19 орта мектебі) жұбы иеленді. Екніші орын Ы.Алтынсарин сатындағы белгі иесі, аймағымызға танымал әнші-ұстаз Айгүл Күлшікенова мен жас әнші Рәтбек Асқапқа бұйырса, бірінші орын иегерлері – республикалыө деңгейдегі байқаулардың жүлдегері «Сейтеновтер» отбасылық ансамблінің мүшесі, сахна сәні болып жүрген белігі әнші, №15 орта мектебінің музыка пәнінің мұғаләмә Ақбөпе Сейтенова мен Сәтбаев қаласы әкім аппаратының жетекші бас маманы, талапты жас әнші Шапағат Әубәкір болды. Жүдегерлер қала әкімінің Дипломы мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осымен VІІІ-ші қалалық «Саған арнаймын, әсем қалам» фестивалінің аясында өткен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің байқауы есте қаларлықтай сәттерімен ерекшеленіп, жоғары деңгейде өтті. Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.