Аса қажетті нысан

Бірнеше жылдар бойы түйіні шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – Сәтбаев қаласында типтік түрдегі мал қорымын салу болатын. Ауру, өлген малдарды, ит-мысықтарды жойып, залалсыздандыратын бірден-бір жер осы мал қорымы.

«Сәтбаев қаласы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен 2011 жылдың сәуірінде құрылысы басталған бұл нысанды салушы ЖК «Әжібаев».

Мердігер Мұханбетрахим Әжібаевтың айтуынша, алғашқы бөлінген жер «Қазақмысқа» қарасты өндірістік аймақ болып шыққандықтан, жұмысты екінші рет қайта бастауға тура келген. Тендер бойынша құны 8 млн 493 мың 390 теңгені құрайтын мал қорымы Сәтбаев қаласынан батысқа қарай 2,13 шақырым жерде, қалалық қоқыс шығаратын орынның маңында орналасқан.

–    Бұл құрылысты аяқтау мерзімі тамыздың 1-не дейін болатын. Жоба жасаушылардың жіберген қателіктері салдарынан уақытты аздап өткізіп алдық. Мұның құрылысына 11 адам жұмылдырылды. Беккер шұңқырының сиымдылығы 120 куб.метр, қабырғасының қалыңдығы 300 мм бетоннан жасалған, тереңдігі 9,8 метр. Енді сыртқы қоршауы мен шұңқырдың қақпағын орнату жұмыстары қалды. Құрылысшылар мерекесіне дейін үлгеруге тырысып жатырмыз. Толық біткеннен кейін қалалық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның балансына өткіземіз, – дейді М.Әжібаев.

Берілуіне санаулы  күн қалған нысанның қазіргі күйімен танысу үшін арнайы құрылған жұмыс комиссиясы дүйсенбі күні құрылысты көріп қайтты. Сәтбаев қаласы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ж.Құлманов, ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы А.Әбілқасымов, Сәтбаев қаласы бойынша ЭҚБ бас маманы Г.Жалмурзина, «Стройтехнология» ЖШС маманы Т.Серікбаев, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Г.Бакирова, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі М.Жаппасбаева, т.б. әкім аппараты бөлімдерінің мамандарынан құралған комиссия жұмысты лайықты деп бағалады.

Адам денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жануарлардың өте қауіпті ауруларынан сақтандыру мақсатында тікелей қыруар қаржы бөлініп, салынып жатқан мал қорымы келешекте халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Қорымның маңайында малдың жайылмауына, адамдардың шөп шабу, т.б. жұмыстармен айналыспауына
бақылау жасалады.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.