«Тәуелсіздік тойына тартуымыз» — дейді жеке кәсіпкер М.Әжібаев

Ел Президенті   Н.Ә.Назарбаевтың   «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «кредиттік және жалға беретін тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылып, тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесі дамитын болады» делінген.

Міне, осы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, «Сәтбаев қаласы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ тапсырысымен Шаталюк көшесі 38 «А» мекенжайында бір тұрғын үй бой көтеріп келеді.

Үш қабатты, 18 пәтерлі үйдің құрылысымен айналысып жатқан мердігер компания – ЖК «Әжібаев». Осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты бірнеше нысандарды іске қосқан жеке кәсіпкер М.Әжібаев бүгінде танымал маман. Жезқазған политехникалық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген Мұханбетрахим Пауеденұлы тәжірибесі мол, жауапкершілігі зор азамат.

Құрылыстың техникалық жағын басқаратын Қаржаубай Төлепберген де бірнеше жыл бірге еңбек етіп келе жатқан өз ісінің шебері.

–    Бұл нысанның сметалық құны 86 млн.теңге, бірақ бюджеттен бөлінген қаржы 81 млн 226 мың теңге. Осы сомамен ЖК «Әжібаев» тендерді ұтып алды. Жалдық-коммуналдық мақсатпен салынып жатқан тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарға кезекке сәйкес берілетін болады, – дейді құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Г.Бакирова.

–    Жаңа технологиямен салынып жатқан үйдің құрылысында 47 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде инженер-құрылысшы Октябрь Құлмағанбетов, учаске бастығы Қыздарбек Әлмақанов, бригадир Жолдасбек Адайбеков сияқты білімді мамандар бар. Материалдарының бәрі стандартқа сай, сапалы. Кірпіш жылу ұстағыш, Қызылордадан әкелінді, бетондарды Қарағанды қаласынан алдырдық. Үйдің қабырғасы үш қатпарлы, яғни кірпіш, пенопласт және шлакоблок. Сондықтан қыста жылы болатынына күмәнім жоқ.

Мамыр айында іргесі қаланған тұрғын үйдің қазір үшінші қабатына кірістік. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы күніне бітіреміз, – дейді М.Әжібаев.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.